Батыс Қазақстан облысында киіктердің қырылуы азаймай тұр. Жыл басталғалы ашық даладан 2 мыңнан астам өлексе жиналған. Теңселіп әрең жүрген ақбөкендер де бар. Бұл жағдайға әсіресе 4 түлік мал өсіріп отырған ауылдағы ағайын алаңдаулы. Өйткені жайылым ортақ.
Ақбөкендер негізінен Батыс өңірдің оңтүстігін мекен еткен. Көктем келгелі олардың шашылған өлексесі әр жерден табылып жатыр. Жыл басынан бері киелі киіктің 2 мыңнан астамы өліпті. Ауруы асқынғандары да бар. Жайшылықта сайын далада көз ілеспес жылдамдықпен желіп, жосып өтетін ақбөкендер төрт аяғын тең баса алмай теңселіп жүр.
ҚАЙРАТ ҚАДЕШЕВ, АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазталов аудандық ветлобаратория қызметкерлері сынама алды. Қазіргі кезде Ұлттық референттік ветаринариялық орталыққа жолдау процесі жүріп жатыр. Қаупі бар-жоғын анықтаймыз.
Киіктердің Орал популяциясы Ресейдің Астрахань және көршілес Атырау облысында қыстайды. Төлдейтін уақытта өрістеріне – Бөкей Ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарына қайта оралады. Өткен жылғы санақ ақбөкен санының 2 миллионнан асқанын көрсетті. Мамыр айында құралай өргізе бастайды. Киіктер қырыла бастағалы тұрғындардан да маза кетті. Өйткені төрт түлікпен жайылымы бір. Ауру тарап, бар малымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқады олар. «Әзірге бәлендей қауіп жоқ», — дейді әкім қаралар.
КЕНЕСАРЫ НҰРША, БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бөкей Ордасы ауданы бойынша эпизотиялық жағдай қалыпты. Ауруға байланысты мал шығыны әзірге тіркелген жоқ. Ауыл әкімдері, жергілікті атқарушы органның қызметкерлері – барлығы тиісті алгоритмге сәйкес өз жұмыстарын жүргізуде. Бұл жағынан туындап жатырған күрделі мәселе жоқ.
Алынған сынама қаншалықты қауіпті екенін дереу анықтау мүмкін болмай тұр. Себебі ұлттық референттік орталық Астана қаласында. «Сондықтан киіктің қырылуын себебін анықтауға уақыт керек», — деп отыр мамандар
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.