Астанада дәрігерлер инсультті анықтаудың заманауи тәсілдерін көрсетті

Астаналық дәрігерлер инсультті анықтаудың заманауи тәсілдерін көрсетті. Енді томографиядағы көзге көрінбейтін өзгерістерді арнайы IT-бағдарлама секунд ішінде тауып береді. Жеті елден келген дәрігерлер бас қосып, науқас өмірін сақтап қалудың жаңа тәсілдерін талқылап жатыр.
Инсульт пен инфаркт – өлім бойынша әлемде екінші орында тұрған ауру. Мамандар: «Инсульт белгілері дер кезінде анықталмаса, ол мүгедектікке әкелуі мүмкін», — дейді. Орталық Азия елдерінен келген неврологтар отандық мамандардан дәріс алып, шеберлік сабағына қатысып, тәжірибе алмасып жатыр. Жергілікті дәрігерлер жасанды интеллекті ем үшін қолданатынын көрсетті.

ЕРЖАН ӘДІЛБЕКОВ, МЕДИЦИНАНЫ ҮЙЛЕСТІРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Жақсы бір жері, біз оны смартфонға жүктеп аламыз, мұнда сурет болып көрінеді. Қызыл түске боялса, сол жерде инсульт бар деген сөз. Томографияда инсульт бар-жоғы дұрыс көрінбейді. Сол үшін бізге бұл бағдарламалар өте жақсы көмектеседі.

Жергілікті дәрігерлер жасанды интеллект көзге бірден байқалмайтын өзгерісті анықтауға көмектеседі десе, ал Украинадан келген маман мұндай шеберлік сабақ тәжірибе алмасу үшін өте тиімді деп бағалайды. Инсульт анықталса 4,5 сағат ішінде науқасқа көмек көрсетілуі тиіс. Сондықтан емдеу орталықтарында дәрі-дәрмекпен қатар, заманауи технология қажет.

ПАВЕЛ ЛЕБЕДИНЕЦ, КИЕВТЕГІ ИНСУЛЬТ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Шын мәнінде, сіз де, біз де аумағы үлкен елде тұрамыз. Егер қажет құрылғы бір жерден табылмаса, науқасты басқа орталыққа қалай жылдам жеткіземіз? 2018 жылы Қазақстаннан әріптестер Украинаға келген еді, сол кезде біз сіздерден үйрендік. Ал бүгін біз өз тәжірибемізді бөлісіп жатырмыз. Мұндай әріптестік алда да жалғасады деп сенемін.

Соңғы жылдары бұл дерт тек егде жастағыларда ғана емес, жастар арасында да жиілеп барады. 2025 жылы елде 49 мың адам сал ауруымен тіркелген.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал