Ақтөбеден небәрі 25 км жердегі Шилісай жұрты ауызсуға зәру

Ақтөбеден небәрі 20 минуттық жердегі ауылдың ауызсуға зар болғанына 10 жылдан асты. Бір жарым мың адам жалғыз су бағанына телміріп отыр. Арба сүйреткен бала мен 3 шақырым жаяу жүретін қарт. 1,5 миллиард теңгенің жобасы пайдалануға беріледі?
Қаладан 20 минуттық жерде орналасқан Шилісай ауылында бүгінде шамамен бір жарым мың адам тұрады. Мұндағы жер телімдері осыдан 10 жыл бұрын беріле бастаған. Алайда содан бері тұрғындар ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Олар суды әлі күнге дейін тасып ішеді.

БЕРДІБАЙ ҚҰТАН, ШИЛІСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Халықтың сұрайтыны – су. 4 жылдан бері салынып жатыр, әуелі Жамбылдан келіп салды, одан кейін тағы бір жерден келді, былтырдан бері Ақтөбенің жігіттері істеп жатыр. Енді осы мәселе ақшаға келіп тірелді.

ДИНАРА БАҚЫТЖАНОВА, ШИЛІСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Суды бүгін әкелгенімен сол күні бітеді. Колонкадан тасимыз, балалардың да белі ауырады. Менің тұрып жатқаныма 7 жыл болды, суды әлі дұрыстап бермеді, жылда бір әңгіме.

Ауыл тұрғындарының арасында көпбалалы отбасы мен қарттар көп. Бәріне күнделікті тұтынуға су қажет. Жағдайды ауылдағы жалғыз су бағаны жеңілдетіп тұр. Бірақ бір жарым мың тұрғыны бар елді мекен үшін бұл жеткіліксіз. Ауыл шетінде тұратындар су бағанына жету үшін тіпті 3 шақырымға дейін жаяу жүруге мәжбүр. Дегенмен басқа амал жоқ.

Тұрғындарға ауызсу келесі айда беріледі деп уәде етілген. Алайда жиналған жұрт бұл сөзге сенбейді. Себебі құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайтын жоба бірнеше жыл бұрын басталғанымен, әлі күнге дейін су құбыры жүйесі ретке келтірілмеген.
Жауаптылардың сөзінше, бұрынғы мердігер құбырларды өзара қоспай, жерге көміп кеткен. Осыған байланысты Ақтөбе қаласының әкімдігі қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуына байланысты жосықсыз компаниямен соттасуға ниетті.

АҚСҰҢҚАР ЕДІҰЛЫ, АҚТӨБЕ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
-Біздің жоспарымыз бойынша, осы мамыр айының аяғына дейін суды толықтай қосамыз. Қазіргі уақытта ауыл ішінде су желісінде су бар. Бірақ осы ауызсуды деңгейлі қысыммен төменгі жақтағы үйлерге бере алмай отырмыз. Себебі суды қосқан сайын су желілерінде ақаулар пайда болып отыр.

Кемшіліктер қашан толық жойылатыны белгісіз. Алайда ауыл тұрғындары мәселе тез арада шешіледі деп үміттенеді. Өйткені жаз мезгілінде суға сұраныс арта түседі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал