Мемлекет тегін берген дәрілер заңсыз сатылған

Дәріханаларда ақылға сыймайтын заңсыздық әшкере болды. Мемлекет тегін берген дәрілер ақшаға саудаланып кеткен. Бұл науқастың мұқтаждығы ма әлде фарма-бизнестің ашкөздігі ме? Заңсыз схеманың соңы немен аяқталады?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елдегі дәріханаларда тегін берілуі тиіс 4 мыңнан астам дәрі заңсыз сатылған. Яғни мемлекет есебінен халыққа ақысыз таратылуы керек препараттар кейін қайтадан саудаға шығарылған. 74 дәріхана жоспардан тыс тексеріліп, соның 31-інде осындай заңбұзушылық анықталды.

ӘСИЯ МОЛДИМАНОВА, ДСМ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Құқық бұзған дәріхана иелерінің айтуынша, дәріні пациенттердің өздері әкеліп береді екен. Дәріхана иелері тегін берілетін дәрілерді бөлшек саудада сатуға тыйым салынатынынан хабардар.

Аталған заңсыздықтар бойынша құзырлы органдар тексеріс бастап, саудаланған дәрілердің арасында антибиотиктер мен созылмалы ауруларға арналған маңызды препараттар анықталды. 2024 жылдан бастап енгізілген міндетті таңбалау жүйесі дәрінің әр қадамын бақылауға тиіс болса да, заңсыз айналым тыйылмай отыр. Қазіргі таңда жинақталған материалдар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.

ТАЛҒАТ ОМАРОВ, ТӘУЕЛСІЗ ДӘРІХАНА ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Біріншіден, дәрілер медициналық мекемеден заңсыз шығарылып, кейін дәріханаларда сатылады. Екіншіден, науқастар тегін алған дәрілерін қайтадан дәріханаға өткізіп жібереді. Екеуі де заңға қайшы. Сондықтан мұндай заңсыздықтарды анықтап, жазалау керек деп ойлаймын.

Айта кетейік, тегін берілуі тиіс препараттарды заңсыз сатқан дәріханалар жауапкершіліктен құтылмайды. Оларға 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай жағдай қайталанса, тіпті кәсіпкерлік нысандарды лицензиясынан айыру да қарастырылған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал