Астанада ақылы тұрақтардың тарифі өзгереді

Елордада көлік қою енді қымбатқа түседі. Шілденің 12-сінен бастап ақылы тұрақтардың тарифі сұранысқа қарай өзгереді. Ал самокат мінгендерге жаңа талап қойылды. Бұл кептелісті азайтудың амалы ма? Кімдерге жеңілдіктер бар?
Елордада жол қозғалысын реттеудің жаңа ережесі бекітілді. Енді электрлі самокатты кез келген жерге қалдыруға болмайды. Арнайы белгіленген орынға қойылуы тиіс. Сондай-ақ шілденің 12-сінен бастап ақылы тұраққа жаңа тариф көрсетіледі. Сұранысқа қарай үш аймаққа бөлінеді.
Бірінші аймақта автотұрақ құны сағатына 200 теңге болса, екінші аймақта – 150 теңге, ал үшіншісіне 100 теңге төлейсіз. Сонымен қатар жабық көлік тұрағының ақысы әр нысанға байланысты жеке белгіленеді. Егер көлік сегіз сағаттан артық қойылса жүргізушілерге тәуліктік тариф есептеледі.

Ардагер, мүгедектігі бар адам, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері, ядролық сынақтан зардап шеккендер, электромобиль иесі, сондай-ақ арнайы қызмет өкілдері төлемнен босатылады. Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер жолдағы кептелісті азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

РУСЛАН МОМБЕКҰЛЫ, ЖҚҰ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОР ОРЫНБАСАРЫ:
— Магистральді көшелердің бойына өздерінің автокөліктерін қалдырып кетпеу үшін сондай тұрақтар қарастырылып жатыр. Ол тұрақтардың аймақтарға бөлінуі сұранысқа байланысты. Сұранысы көп жерде ақысы жоғары болады. Сұранысы төмен жерде, ақысы төмендеу болады.
Алайда қала тұрғындарының пікірі әртүрлі. Олар тарифтің көтерілуіне алаңдайды.

ДИАНА ОРЫНТАЙ, ТІЛШІ:
— Елордада көлік саны күн сайын артып келеді. Соған байланысты автотұрақ мәселесі де ушығып тұр. Енді жаңа тарифтер енгізіліп, қала аумағы арнайы аймақтарға бөлінді. Бұл өзгерістер қаладағы кептелісті азайтуға бағытталған. Алайда оның тиімділігі уақыт өте белгілі болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал