Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, Кеңсай-2 зиратында жерленеді. Ал тағы бір деректе Әулиелердің көшіне Арыстан Бабтың қасына жерленеді деп жүр. Нақтысы белгісіз. Жалпы қаламгермен қоштасу рәсімі Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүние салды. Тіл үшін, тайсалмай күрескен қайраткер ретінде аты тарихта қалды.
Мұхтар Шаханов жап-жас жігіт шағында-ақ ұлт тағдырына араласты. Тілді қорғау оның өмірлік миссиясына айналды. Ол үшін атақ та, мансап та, қауіп те бөгет болған жоқ. Қай кезеңде болсын, шындықты бетке айтудан тайынбады. Ол жай ғана ақын емес еді. Ақын болып, кітап шығарып, тыныш өмір сүріп кете беруіне болатын еді. Бірақ ол таңдаған жол – күрес жолы болды.
Ол ұлтына тек жыр ғана қалдырған жоқ. Ән де қалдырды. Мәтіні мен әуенін өзі жазған «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» сияқты әндерін халық жатқа айтады. Мұхтар Шаханов тек қазақ әдебиетінде қалдырған мұрасымен емес, ұлттық мүдде мен демократиялық құндылықтардың қорғаушысы ретінде тарихқа енді. Арал апатын жариялауы, Наурыздың қайта оралуы соның бірсыпырасы ғана.
СЕРІКЗАТ ДҮЙСЕНҒАЗЫ, АҚЫН, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
— Ең негізгі миссиясы, қазақтың есінде қалғаны – ол Желтоқсан оқиғасын Кеңестер Одағының мінбесіне шығып, Аралдың мәселесін айтамын деп, сол кездегі Кеңестер Одағының басшысы Горбачевтан рұқсат сұрап шығып, бүкіл ұлттың атынан сөз сөйлеп, шындықты айтқаны. Ол – қазақтың тарихындан өшпейтін дүние. Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын жасаушылардың бірі Мұхтар Шаханов десек, артық айтқандық емес.
Өмірінің соңғы жылдары ақынға оңай соқпады. 2021 жылы оның ұлы Рауан кенеттен өмірден озды. Былтыр қарашада екінші ұлы Қуаныш Мұхтарұлы қайтыс болды. Ал осы жылы көктемде өзінің денсаулығы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түскен еді. Халық жазушысының өмірден өтуіне байласты Мемлекет басшысы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, қалың қазақ жұртына көңіл айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тіліне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады».
Ақынның қазасына байланысты Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та көңіл айтты. Ол Шахановты қазақ пен қырғыз халықтарының рухани тірегі, әділдік пен шындықты батыл қорғаған ірі тұлға деп атады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.