Ақтөбедегі жеке сектор тұрғындары асфальт төсеп беруді сұрайды

Ақтөбе азаматтары жергілікті билікке талап қойды. Қала әкімдігі жанында орналасқан жеке сектор тұрғындары қара жолға асфальт төсеп беруді сұрайды. Олардың жаңа жол салынуын күткеніне 70 жылдан асқан.
Плавильщиков деп аталған бұл көшені 60-жылдары зауыт жұмысшылары салған. Содан бері 80-нен астам үйі бар бұл көшеде асфальт мүлде болмаған. Шұңқырларды жабу үшін тұрғындар құрылыс қалдықтарын төгеді. «Құрғақ кезде амалдауға болады, ал жаңбыр жауып, қар түссе бұл жолмен жүру мүмкін емес», — дейді тұрғындар.

ТӨРЕҒАЛИ ӨТКЕЛҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жол жоқ, жүретін тротуар жоқ. Көше жарығы мен су ағатын арығымыз да жоқ.
Мәселе тек жолда емес, екінші үлкен түйткіл – көше жарығының жоқтығы.

ГҮЛНАРА КҮЛЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Туыстарым ауылда тұрады, олардың жолы да бар, жарығы да бар, тіпті күн сәулесімен жұмыс істейтін шамдар бар. Ал бізде ештеңе жоқ. Балаларым өсіп кетті, немерелерім бар, бірақ мәселе сол күйі шешілмеді – бұл өте қиын жағдай.

«Соңғы 3 жылда жергілікті билік уәдені үйіп-төгіп келеді, бірақ нақты нәтиже жоқ», — дейді тұрғындар. Биыл көшені жөндеу жоспарда бар, бірақ уәде тағы да орындалмай қала ма деп алаңдайды. Өйткені қаржы қолбайлау болуы мүмкін.

ЕСЕТ КЕНЖЕБЕК, ҚАЛА ӘКІМДІГІ ТСЖ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
— Жобаға толық қаржы бөлінген жоқ. Бірақ ағымдағы жылы 400 млн қаражат бөлініп тұр. Қазір жұмыстар жүріп жатыр. Мердігер мекемемен келісімшарт жасалды. Мамыр айынан бастап жұмыстар басталады.
Жұмыс келесі айда басталмақ. Ал оның қашан аяқталатыны белгісіз. Сондықтан тұрғындарға жолдың салынуын күткеннен басқа амал жоқ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал