Астанада сарбаздар мен волонтерлер қарттар үйінде сенбілік өткізді

Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Айталық, елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тазалық шарасы өтті. Оған «Жастар Рухы» ұйымының жастары, Ұлттық ұлан сарбаздары мен волонтерлер қатысты.
Түзу сызық бойымен сап түзеген сарбаздар алға қарай нық қадам басты. Бірақ бұл жолы олар әскери бөлімге емес, қолдарына күрек, тырма, сыпырғыш алып, қарттар үйіне бет алды.

МАРАТ ТҰРҒЫМБАЕВ, ВЗВОД КОМАНДИРІ:
— Біздің 6636 әскери бөлімінің сарбаздары Отан алдындағы борышынан бөлек, азаматтық борыштарын өтеп, сенбілікке қатысып, өздерінің көмектерін көрсетіп жүреді.

Экологиялық акцияға сарбаздармен бірге «Жастар Рухы» ұйымының өкілдері де белсене атсалысты. Олар қыста қар астында көміліп қалған жапырақтарды жинап, айналаны мұнтаздай етіп тазартты.

НҰРТАЙ ЖАДЫРА, ЭКОЛОГ:
— Тек «Таза Қазақстан» акциясы аясында емес, үлкенге құрмет, кішіге ізет ретінде қарттар үйінің ауласын тазалауға келіп отырмыз.

Сарбаздар мен жастарды көрген қарттар үйінің тұрғындары разы болып, алғысын жаудырды. Өйткені қартайған шағында тағдыр тезіне ұшырап, қамқөңіл болып отырған қарияларға бұл үлкен демеу. Жас буынның жасап жатқан қайырлы ісі, қазыналы қарттардың жүрегіне жылулық ұялатты.

РАИСА ГОШЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл – өте керемет сезім! Осында жұмыс істеп жатқан жастарды көріп, көзіме жас келіп тұр. Әрине, қуаныштан жылап тұрмын. Мейрімді жүректеріне, шарапаттарына рақмет!

«Қоғамда, жалпы ел ішінде экологиялық мәдениетті арттырып, келешек ұрпақты ұқыптылыққа, мейірімділікке баулитын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы енді қаланың өзге өңірлерінде жүзеге асырылады», — дейді ұйымдастырушылар.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал