Қыштан түрлі бейне жасап, ауланы әрлейтін қарағандылық әжейдің өнеріне көпшілік тәнті

Қыштан түрлі бейне жасап, ауланы әрлейтін қарағандылық әжейдің өнеріне көпшілік тәнті. Ол өзі тұратын ауланы кәдімгі галереяға айналдырған.
Любовь Першукова өмір бойы сылақшы-сырлаушы болып жұмыс істеген. Сондықтан цемент және құммен жұмыс істеудің қыр-сырын жақсы біледі. Бес жыл бұрын зейнетке шыққан соң, ескі плиткалардан қабырғаға сурет құрастыруды бастаған. Айтуынша, шабытты интернеттен, әлемнің әр түкпіріндегі құрылысшылардың жұмыстарынан алады. Мысалы, су перісі. Зейнеткер теңізде болып көрмесе де, ондағы көріністер дәл осындай жарқын деп ғажайыпқа сенген.

ЛЮБОВЬ ПЕРШУКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Өзбектердің қалай жасайтынын көрдім, солардан үйрендім. Көп уақыт кетеді, өйткені мұнда түрлі жұмыс бар. Алдымен темір торды бұрандалармен бекітесің, сосын ерітіндімен сылайсың, кейін арнайы желім қосылған қоспа жағылады, содан кейін ғана кафель жапсырылады.

Әжей алғашқы туындыларын қажетсіз жатқан ескі кафельден жасаған. Әр плитканы суға жібітіп, ескі қоспадан тазалап, бөліктерге бөлген. Кейін құрылыс дүкендері материалдарды алып кетуге рұқсат бере бастаған. Онда көбіне сынған плиткаларды қайда қоярын білмейді. Жетіспейтін ашық түстерді түрлі жеңілдіктер кезінде сатып алады. Енді оның қолынан шыққан мозаикалар көз тартар көрнекілікке айналған. Ауласы мен үйінің кіреберісін осындай суреттермен безендірген. Бұған көршілері дән риза.

Көршілері мен тұрғындар әжейдің еңбегіне құрметпен қарайды. Бірде-бір элемент бүлінбеген. Автордың айтуынша, бұл тек әсемдік үшін емес, сонымен қатар жақсы дене жаттығуы.

ЛЮБОВЬ ПЕРШУКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Зейнетке шыққанда үйде отырып қаламыз. Ал қозғалу керек, дене жұмыс істеуі тиіс. Үнемі қозғалыста болу қажет. Өмір сүру үшін қимылдау керек. Қимылдағаның өзіңе пайдалы.

Қарағандылық шебер қазір өзіне жиі түрлі ұсыныс түсетінін айтады. Алайда әжей ақша үшін туынды жасамайды. Өйткені ол мозаикамен қабырға әрлеуді шабыты оянып, көңілі қалаған кезде ғана қолға алады. Яғни сүйікті ісін бизнес көзіне айналдырғысы келмейді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал