Биыл ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған еңбек квотасы екі есе артады

Биыл ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған еңбек квотасы екі есе артады. Бұл – 17 мың азамат жұмысқа орналасады деген сөз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осылай мәлімдеді. Бүгін Үкімет отырысында инклюзивті саясатты күшейтуге бағытталған нақты шаралар қарастырылды.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Президенттің тапсырмасымен Үкімет 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдады. Қазір осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметінше, соңғы екі жылда Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында төрт жаңа орталық ашылған. Ал биыл мамыр айында Атырауда тағы бір орталық іске қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар тағы жеті нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты инклюзивті инфрақұрылымды дамыту мәселесі басты назарда. 2023–2027 жылдар аралығында 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметінше, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен іске асады.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
— Осы жылы нысандарды 80% дейін жоспарлап отырмыз. Ол нысандарды интерактивті картадан көруге болады. Мүгедектігі бар адамдар қолжетімділік жоқ деген нысанға техникалық мүмкіншілік жасап жытармыз. Е-өтінішке келіп түседі. Одан кейін біздің Департамент тексеруге шығады.

Елімізде инклюзивті ортаны дамыту бағытында 100-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Қазір елде 55 оңалту орталығы жұмыс істейді. Онда жыл сайын ерекше қажеттілігі бар 21 мыңнан астам бала тегін емделеді. Биыл Ақтөбе облысында тағы 10 инклюзивті кабинет ашу жоспарланған. «Алайда менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тиісті түрде қолдау көрсетілмей келеді», — дейді мамандар.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Қоғамдық ұйымдардың өкілдері қолдау шараларының жеткіліксіз әрі кей жағдайларда үстірт жасалатынын, сондай-ақ мәселенің өзектілігіне көңіл бөлінбейтіні туралы үнемі айтып келеді. Мысалы, халықаралық тәжірибе аутизмі бар адамдарды кешенді сүйемелдеу бағытында дамуда. Ол ерте диагностикалауды, үздіксіз түзету мен педагогикалық қолдауды, кейіннен жұмысқа орналастыру шараларын қамтиды. Сондықтан озық елдердің оң тәжірибесін, үздік моделін құру тәжірибесін үйрену керек.

Қазір елімізде ауытқуларды ерте анықтау үшін скринингтің алты түрі жүргізіледі. Соның нәтижесінде есту қабілеті бұзылған 500-ден астам балаға арнайы имплант орнатылды. Ал көз патологиясы анықталған жүздеген сәбиге дер кезінде ем көрсетіліп, көру қабілеті сақталған. Енді мүгедекті бар азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесіне де ден қойлмақ. Биыл ерекше қажеттілігі бар 17 мыңдай адамды еңбекпен қамту жоспарланған. Жалпы, жаңа Конституцияда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, қолжетімді орта қалыптастыру мемлекеттің негізгі басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал