Қазақстан мен Моңғолия жаңа келісімге келді: әуе қатынасы мен сауда дамиды

Астана мен Ұланбатыр арасындағы тікелей әуе қатынасы қайта жанданады. Өскемен мен Өлгей бағытында ұшақ рейсін ашу жоспары да бар. Бұл – Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланысқа жаңа серпін беретін маңызды қадам. Бүгін елордада екі ел басшылары кездесіп, бірқатар келісімге қол жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен кездесуінде екі жаққа маңызды бастамаларды жариялады. Соның бірі – Астана мен Ұланбатыр арасындағы тікелей әуе рейсін қайта іске қосу туралы келісім. Бұл шешім екі ел арасындағы туризм мен бизнес байланысын жандандыруға бағытталған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз нығая түсуде. Тауар айналымы жылдан-жылға артып келеді. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Біз Астана мен Ұланбатыр арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыруға келістік. Білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы жетістіктеріміз де аз емес. Мемлекеттеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастық жылдан-жылға артқанын атап өткім келеді.

Кездесуде айтылғандай, былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан. Биылғы жылдың алғашқы екі айында тауар айналымы 20 миллион доллар шамасында болды. Моңғолия бізден дәрі, электр жабдықтары, газдалған сусын мен макарон өнімдерін сатып алады. Ол жақтан ет, тоқыма-тері өнімдері, көкөніс әкелінеді. Моңғол мемлекеті енді Қазақстаннан бидай импортын ұлғайтуға ниет білдіріп отыр.

УХНААГИЙН ХУРЭЛСҮХ, МОҢҒОЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстанды жақын серіктесіміз, Орталық Азиядағы мығым көпір деп санаймыз. Экономикалық ынтымақтастығымызды мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, туризм сынды көптеген салада дамытуға әлеуетіміз зор. 2024 жылғы сапарыңыз кезінде 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жол картасы бекітіліп, өзара тауар айналымын 500 млн долларға жеткізу мақсаты қойылды. Қазақстаннан жеміс-жидек, көкөніс, бидай, сонымен қатар сапалы бидай тұқымы көлемін арттыру үшін ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндігіміз бар.

Қазақстан мен Моңғолия екі елді байланыстыратын автожол салу жөнінде де келісті. «Төте жол сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін береді, оның игілігін іргелес елдер де көретін болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Біздің ел Моңғолияға вагон экспорттауға және мал ауруына қарсы вакцина жеткізуге мүдделі. Ал Баян-Өлгейде Қазақстан консулдығы ашылады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал