Түркістан облысында егіс алқаптарына су жеткізетін канал құлап жатыр

Түркістан облысында егіс алқаптарына су жеткізетін негізгі каналдың жағдайы алаңдатарлық күйге түсті. Екі қапталы опырылып, құлап жатыр. Арнаның ені шамамен 70 метрге дейін ұлғайған. Тұрғындар канал үстінен өтетін көпірдің де сапасы нашар екенін айтады. Кез келген сәтте опырылуы мүмкін.
Екі ауданды байланыстыратын облыстық маңызы бар жолдың бір бөлігі опырылып, көлік қозғалысына қауіп төндірді. Оған машиналық әдіспен су тартатын канал беткейінің құлауы себеп болған. Кейіннен жолды қалпына келтіру үшін топырақ төселгенімен, тұрғындар канал бойындағы жарық ұлғайып, көпірге зиянын тигізе бастағанын айтады.

НҰРАЛЫ РАХЫМБЕРДИЕВ, ҮШ КӨПІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— 30-40 елдімекенге барыс-келіс жасап отырған көпір. Көпірге қауіп төніп тұр.

Канал 2011 жылдан бастап машиналық әдіспен су деңгейін көтеру үшін пайдаланылып келеді. Алайда сол уақыттан бері жер асты суларының әсерінен каналдың ішкі жақтаулары опырылып, су өткізу қабілеті төмендеп кеткен.Тұрғындардың айтуынша, егер канал бұзылса, маңайдағы 1700 гектарға жуық егіс алқабы түгелдей сусыз қалу қаупі бар.

НҰРТАС ТҰРСЫНБЕКОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ӨНДІРІСТІК БӨЛІМШЕ БАСШЫСЫ:
— Осы каналды елді мекен шегінен өткізуге жұмыс істеп жатырмыз. Елді мекен шегінен айналып, ары қарай басқа елді мекендерге су беруге жұмыс жасалып жатыр.

ҰЛАН АЛТЫНКОПОВ, СРИМ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптамалық қортынды шілде айында алынады деп жоспарланып отыр. Сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін құрылыс монтаждау жұмыстарына бөлінетін қаражаттың көзі айқындалады.

Бұған дейін машиналық каналдың бетондалған жерлерін су жырып кеткен. Жерасты сулары да тоқтаусыз ағып тұрады. Десе де жауаптылар каналдың 11 шақырымы толықтай бетондалып, қалпына келтірілетінін жеткізді. Айта кетейік, жазда егіс алқаптарындағы су көлемі төмендеген кезде машиналық каналмен Шардара су қоймасынан су тартылады. Былтыр осы канал арқылы 57 мың гектар жер суарылған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал