2027 жылдан бастап түлектер ҰБТ-ны бір рет тапсырады

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі өзгереді. Келесі жылдан бастап талапкерлер үшін жаңа талап енгізілмек. Ендеше түлекке талап қиындай ма әлде жеңілдей ме?
Елімізде ҰБТ жүйесі және педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібі өзгереді. Бірақ мұның биылғы тестілеуге қатысы жоқ.

АИДА БАЛАЕВА, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
— ҰБТ-ны тұтастай жаңғыртып, оны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажет. Бұл грант конкурсына қатысу үшін объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар білім деңгейін өзін-өзі бағалау және дайындық әдістерін уақытылы түзету үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады. ҰБТ жүйесін өзгерту тестілеуден бас тарту емес екенін тағы да атап өткім келеді. Бұл – дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам.

Яғни 2027 жылдан бастап ҰБТ бір рет тапсыру қажет. Бірақ ақылы негіздегі тестілеу сақталады және сынама тесттен өту мүмкіндігі бұрынғыша қалады. Сонымен қатар педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды қатар қолданатын гибридті бағалау формасы енгізіледі. «Бұл тұста халықаралық сарапшылармен бірге әзірленіп жатқан жаңа – Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі», — дейді мамандар.

НАУЖАН ДИДАРБЕКОВА, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 2016 жылдан бастап педагогикалық және медициналық мамандықтарға түсу үшін арнайы емтихандар енгізілген. Ол арнайы емтихандар қазіргі таңда әр жоғары оқу орындарында тапсырылады және оның форматы әртүрлі. Яғни оны біреу тест түрінде, біреу жазбаша түрде, біреу ауызша түрде өткізеді. Осы емтиханды мазмұндық жағынан жетілдіру бойынша, яғни талапкерлердің когнетивтік дағдыларын бағалау мақсатында педагогикалық мамандықтарға түсуші талапкерлер үшін орталықтандырылған емтиханды өткізу қарастырылып отыр.

Бұл өзгерістер қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Сарапшылар: «Жаңа жүйе талапкерлерді әділ іріктеуге мүмкіндік береді», — десе, кейбіреулер: «Бір ғана мүмкіндік түлектерге қосымша қысым түсіруі мүмкін», — дейді.

«Қалай болған күнде де, бұл өзгерістің мақсаты – білім сапасын арттыру және талапкерлерді әділ бағалау», — дейді мамандар. Жаңа жүйенің тиімділігі уақыт өте келе белгілі болады. Ал түлектер үшін ең маңыздысы – тың талапқа бейімделіп, дайындықты күшейту.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал