Елордада «Шаттық» шығармашылық байқауының гала-концерті өтті

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Елордада «Шаттық» шығармашылық байқауының гала концерті өтті. Биыл дәстүрлі өнер додасына қала мектептерінен 8 мыңға жуық үміткер қатысып, бақ сынады. Астана қаласы әкімдігі мен білім басқармасы ұйымдастырған жоба жас таланттарды қолдап, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған.
«Қазақконцерт» сахнасының сыртында қызу дайындық. Уақыт тығыз, жауапкершілік жоғары. Әнге әуес Әбілмансұр Серік – «Шаттық» шығармашылық байқауының былтырғы қола жүлдегері. Жас өнерпаз биыл да бағын сынап көрмек.

ӘБІЛМАНСҰР СМАЙЫЛ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:
– Өте мықты байқаулардың бірі. Маған мотивация береді. Екінші рет қатысып жатырмын. Алдыңғы жылы «Молдабай» әнімен келдім. ЖИ арқылы «Азаттық аспаны» деген өлең шығардық, соны орындаймын. Биылғы жобаның негізі мақсаты – ЖИ арқылы өлеңді шығару.
Биыл 19 рет ұйымдастырылған дәстүрлі өнер додасына Астана қаласының мектептерінен 8 мыңға жуық үміткер қатысты. Ал гала-концертке жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған үздіктер ғана жолдама алды.

Байқауда балалар мен жасөспірімдер эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, хореография, театр, аспаптық жанр, бейнелеу өнері, фотосурет және хор бағыттары бойынша сынға түсті. Жас таланттарды қолдап, олардың шығармашылығын шыңдау – «Шаттық» байқауының басты мақсаты. Жобаны Астана қаласы әкімдігі мен білім басқармасы ұйымдастырып отыр. Биыл жасанды интеллектінің мүмкіндігі пайдаланылып, жаңа форматтағы музыкалық туындылар ұсынылды.

ГҮЛМИРА ЖАНГЕЛДІҚЫЗЫ, Е.СЕРКЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ №3 БАЛАЛАР МУЗЫКА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
– Жылдан-жылға бұл байқаудың деңгейі өсіп келе жатыр. Балалардың өнері, қабілеттері, бойындағы шығармашылығы, өсуі байқалады. Биыл балалар үшін ЖИ пайдалануға болатыны қызықты болды. Өте керемет туындыларды көрдік.
Жас өнерпаздар ән, би және көркем сөз арқылы өз өнерлерін паш етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал