Арал мәселесі салғырттықтың қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Қазір су қауіпсіздігі – бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев тоғыз мемлекеттің басшысы мен жоғары деңгейдегі делегациялар, ғалымдар мен сарапшылар, инвесторлар қатысып жатқан Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық Саммитте мәлімдеді.
Ауқымды жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылды. Мұндай экологиялық іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Саммиттің негізгі мақсаты – Орталық Азия өңірінің орнықты дамуы бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру және экологиялық мәселелерді бірлесіп шешу тетіктерін талқылау. Күн тәртібінде климаттың өзгеруі, су ресурстарын тиімді басқару, жасыл энергетиканы дамыту және экологиялық қауіпсіздік мәселелері қаралуда. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саммит қатысушыларына ілтипат білдіріп, халықаралық диалог алаңының маңызына тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз. Орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру өзекті әрі аса маңызды. Мұны өңір елдері терең түсінеді. Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі. Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр. Жалпы, ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыт та осыған саяды. Ал экология дегеніміз – Жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Сондықтан бүгінгі саммит дер кезінде ұйымдастырылып отыр.
Бірнеше елдің Президенті қатысып жатқан Өңірлік экологиялық саммит «Орнықты болашаққа ортақ көзқарас» тақырыбымен өтуде. Экологиялық жиында Түрікменстан Президенті су ресурстары бойынша өңірлік кеңес құруды ұсынса, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Орталық Азияда климаттың өзгеруі жаһандық орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жүріп жатқанын мәлімдеді. Ал Грузия Президенті Михаил Кавелашвили қоршаған орта мәселелерінің елдер экономикасы мен қауіпсіздігіне ықпалы артып отырғанын айтты. «Қайткенде де жаһандық апаттардан сақтану үшін бірлесе қамдану қажет», — дейді Саммитке қатысушылар.
ШАРЛОТТЕ КАН, МОДЕРАТОР:
— Климаттың өзгеруін жалғыз мемлекет тоқтата алмайды. Мәселен, ауаға тараған көмірқышқыл газы үшін шекара жоқ, ол бір орында тұрмайды. Сондықтан табиғатты қорғау мақсатында барлық ел жұмылып, жаһандық және аймақтық деңгейдегі бірлескен әрі ұзақ мерзімді шешімдерді қарастыруы керек.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Экологияға шығын әкелетін бағыттың бірі – энергетика. Оның үстіне көмір энергетикасы. Сондықтан осындай алаңдарда біз барлық жаңа технологияларды талқылаймыз.
«Саммиттің нәтижесі қоршаған ортаны қорғау бағытында тәжірибе жүзінде іске асатын бастамаларды даярлауға, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенімдіміз. Осы орайда Әзербайжан жағы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құру ұсынысын қолдайды», — деді Әзербайжан премьер-министрі Әли Асадов.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Саммиттің маңызды бөлігі ретінде Орталық Азия елдерінің және бақылаушы ел ретінде Әзербайжанның ұлттық павильондары ұсынылатын Өңірлік экологиялық Саммит 2026 EXPO халықаралық «жасыл» технологиялар көрмесі өтеді. Қазақстанның ұлттық павильонында биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы жетістіктер, оның ішінде керқұлан, киік және Тұран жолбарысы популяцияларын сақтау, Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобалары, ғылыми шешімдер мен «Таза Қазақстан» бағдарламасының нәтижелері таныстырылады.
Саммит аясында 51 құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Олардың ішінде 13 меморандум, 16 бірлескен мәлімдеме, келісімдер мен декларациялар, сондай-ақ 6 инвестициялық жоба бар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.