Ауыл мен қала тағдырын тек әкімдер емес, тұрғындардың өзі де шешуі мүмкін. Ол үшін халық аумақтық кеңеске бірігуі керек. Мәжілісте жергілікті басқару жүйесін өзгертетін жаңа заң жобасы ұсынылды. Бұл – жай ғана түзету емес, билікті орталықтан өңірлерге біртіндеп беру амалы. Сонымен, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңда не өзгереді?
Ең маңызды өзгеріс – ақша. Заң жобасының авторы Екатерина Смышляева облысқа түсетін кірістің бір бөлігін ауылдық округтерге беруді ұсынады. «Ауылдың бюджетін мүлік салығы мен лицензиялық алымдар есебінен толтыруға болады», — дейді депутат. Ол – шамамен 243 млрд теңге. Бұл қаражатты қалай жұмсауды депутаттар өңірдің өзі шешетіндей етпек. Сондай-ақ ауыл, аудан әкімдерін басы артық жұмыстан арылту қарастырылып жатыр.
МҰҚАШ ЕСКЕНДІРОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Біз экономика министрлігімен зерделеп қарадық. Қазірдің өзінде ауыл әкімдерінің 173 функциясы бар екен. Әрине, көп. Көп фукнция оларға байланысты емес. Олар шеше алмайтын мәселелер бар. Мысалы, ауылда қараусыз жүрген жануарлар бар, олар трассаларға шығып кетеді, сөйтіп жол апаты болады. Соған ауылдың әкімдері жауап береді. Осындай қызметтерді неге учаскелік инспекторларға тапсырмасқа?
Мектептерді қаржыландыру функциясы қайтадан аудандық әкімдіктерге берілуі мүмкін. Нартай Сәрсенғалиев білім саласының бюджетін облыстан ауданға түсіру керек деп есептейді.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Ауыл-аудандарға барған кезде әкімдер айтатын ең басты мәселе – білім бюджетінің облыста қалып қоюы, ауданға түспеуі, соның салдарынан мектептердің мәселесін уақытында шеше алмау. Бюджетті облыстан аудандық деңгейге түсіру туралы шешімді жаңа оқу жылына дейін іске асырып үлгереміз бе? Жоқ па?
Депутат сауалына ұлттық экономика вице-министрі жауап берді.
БАУЫРЖАН ОМАРБЕКОВ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Үкімет өз тарапынан бұл түзетулерге қолдау білдірді. Яғни облыстық деңгейден аудандық деңгейге білім беру шығындарын қайтару, оның ішінде тек балалардың жазғы демалысы мен ыстық тамақ шығындарын облыста сақтап қалу, қалған шығындардың бәрін аудандық деңгейге беру мәселесі қарастырылды.
Бұл шешімге Асхат Аймағамбетов қарсы шықты. Депутат білім саласына қатысты ұсынылған норманы қазіргі күйінде қабылдауға болмайтынын айтады.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— «Аудан әкімдерінде жергілікті жерде ықпал ету тетіктері аз. Әкімдіктерге билік берейік», — дейді. Жақсы, дұрыс, келісемін. Онда жүйелі болайық, оларға нағыз билік берейік. Егер басты мәселе әкімдіктерге билік беру болса, неге біз АҚШ-тағыдай салықты да әкімдіктерге бермейміз? Неге полицияны бермейміз? Өйткені бәрі бұған жол беруге болмайтынын түсінеді. Ол жерде мемлекеттің болаттай берік вертикалі әділ жүйе болу тиіс. Неге біз әкімге салықты немесе тәртіп орнатуды сеніп тапсырудан қорқамыз да, 4 млн баланың болашағын оп-оңай бере саламыз?
Талас тудырғандықтан, бұл ұсыныс екінші оқылымға дейін тағы қаралатын болды. Мәслихат депутаттарының қызметінде не өзгереді десек, егер заң жобасы мақұлданса, олар әкімдердің уәдесін орындауын бақылап қана қоймай, бюджетке түзету енгізе алады. Коммуналдық нысандарды басқаруға араласады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Мәслихат депутаттарының өзіне де жағдай жасалады. Іс-сапар шығындары өтеледі. Тіпті мәслихат тараса да, тұрақты жұмыс істеген депутаттар төлемсіз қалмайды. Мәжілісмендер заң жобасындағы бұл ұсыныстарды бірінші оқылымда мақұлдады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.