«Палау орталығындағы» жарылыс: тағы екі адам тұтқындалды

Щучинсктегі кафеде болған жарылысқа қатысты тағы бір мәлімет шықты. Бұған дейін күдікті ретінде тек дәмхана басшысы тұтқындалған еді. Енді тағы екі адам өрт қауіпсіздігін сақтамады деп ұсталды. Олар – газ станциясының директоры мен газ баллонын тасымалдаушы қызметкер. Тұтынушы өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне сай келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда екі немесе одан да көп адамға зиян келтіру және өлімге әкеп соғу дерегі бойынша, күдіктілер 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, «Палау орталығы» дәмханасында жарылыс болып, 12 адам қаза тапқан еді.
МЕРУЕРТ БАЙБОЛОВА, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:
— Күдіктілердің әрекеттері Қылмыстық Кодекстің 306-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды. Аталған бап санкциясы 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Күдіктілердің біріне қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы екіншісіне үй қамағы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал