Астаналықтар иммундау мәселесіне бей-жай қарамайды. Елордада өткен апталықта дәрігерлер мен тұрғындар бетпе-бет кездесті. Келушілерге вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы жан-жақты мәлімет беріліп, арнайы ақпараттық кітапшалар таратылды.
Иммундау апталығы барысында педиатрлар мен салауатты өмір салтын насихаттайтын дәрігерлер келушілерге вакцинация жөнінде ғылыми негізделген ақпарат берді. Тұрғындар мамандарға көкейдегі сауалын жолдап, тұщымды жауап алды. Дәрігерлердің айтуынша, вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы.
НАЗЕРКЕ РАХЫМҒАЛИ, ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:
— Инфекцияға қарсы вакциналар қолданылады. Вакцинация тегін түрде жүргізіледі. Алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарының барлығында жүргізіледі.
Мамандар әсіресе жатыр мойны обырының алдын алуға ерекше назар аударып, адам папиллома вирусына қарсы екпенің маңызын түсіндірді. Айта кетейік, 2024 жылдан бері 11-13 жас аралығындағы қыздарға осы вирусқа қарсы тегін вакцина егілуде. Дәрігердің айтуынша, бұл жаңа екпе түрі болғандықтан, ата-аналар тарапынан көп сұрақ туындауы да заңды.
ЖАМАЛ МЫРЗАБАЙҚЫЗЫ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Соңғы кездері жатыр мойны обыры әйелдер арасында көптеп кездесіп жатыр. Бұл – медициналық тұрғыдан алдын алу шарасы. Ғылыми тұрғыдан көзқарасым оң. Балаларға болашақта осы аурудың алдын алу үшін қажет деп ойлаймын. Сол үшін де өзіме сұрап жатырмын.
Іс-шараны Астана қаласының әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды. Айталық, иммундау апталығы бір мезгілде барлық елде өткізіледі. Мақсат – тұрғындардың назарын иммундау мәселелеріне аудару.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.