«Ұрпаққа өсиет» — Жыл кітабы: Астанада кітап мерекесі қарқын алды

Абай Құнанбайұлының қара сөздері негізінде жазылған «Ұрпаққа өсиет» туындысы «Жыл кітабы» атанды. Бүгін «Ұлттық кітап» республикалық байқауының қорытындысы жарияланды.

Ел мен шетелдің кітапсүйер қауымы жиналған «Astana Eurasian Book Fair» шарасына он мыңнан астам адам келген. Бүгін де ине шаншар орын жоқ. Кітап мерекесі жексенбіге дейін жалғасады. Кіру тегін.

Көрме-жәрмеңкенің екінші күні қалай өтіп жатыр? Алдағы видеодан бірге тамашалайық.

Балаларға арналған үздік кітап номинациясы бойынша жеңімпазды шын жүректен құттықтаймыз!

РАЙСА ҚАДЫР – STEPPE AND WORLD БАСПА ҮЙІНІҢ БАСШЫСЫ
Бізде он жыл бұрын кітаптардың 90–95 пайызы орыс тілінде болды. Соңғы он жылда қазақ тілінде шығатын кітаптар көбейді. Әсіресе балалар әдебиеті. Соған өз үлесімізді қосып келеміз. Биыл, міне, «Үздік балалар әдебиеті» номинациясы бойынша бірінші орын алдық. Ақиқат Рас деген мықты автордың «Оқымақтар» атты туындысы жеңіске жетті.

ШЫҢҒЫС МҰҚАН – «МАЗМҰНДАМА» БАСПАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазақстанда жүзден астам, тіпті мыңға жуық баспа болуы керек. Олардың арасында бәсекелестік болуы тиіс. Осындай іс-шаралар, «Ұлттық кітап күні» сияқты атаулы күндер баспа саласының, жалпы кітап оқу мәдениетінің қалыптасуына үлкен әсер етеді деп сенемін. Барлық оқырмандарды, баспагерлерді, кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын.

ЭЛЬНАЗ ЕРМЕК – ОҚЫРМАН
Кітапқа деген махаббатымды ашқан — менің анам. Ол мектепте 5–7 сыныптарда тарихи романдарды оқуға баулыды. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» сияқты шығармалардан бастап оқытты. Содан кейін кітапқа деген қызығушылығым оянды деп ойлаймын.

САНЖАР КЕРІМБАЙ – КІТАП АВТОРЫ
Жәрмеңкеге кеше басталғалы бері адамдар үздіксіз келіп жатыр. Алдыңғы жәрмеңкелерден айырмашылығы — бұл жолы аптаның қай күні екеніне қарамастан, келушілер ағыны тоқтаған жоқ. Биылғы ерекшелік — сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі-жексенбі демей, бір қарқынмен жалғасып жатыр.

Астанада кітап оқитын жастардың саны айтарлықтай артқан. Бұл алдағы 4–5 жылда қала дамуының жаңа деңгейге шығатынын көрсетеді. Қазақ қоғамы бөлшектенуден шаршады, енді кітап әлеміне бет бұрды. Бұл үрдісті тоқтату оңай болмайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал