Мүшел жастан бәріміз өттік. Бірақ оның мәнін түсіндік пе? Алматыда «Мүшел жас» фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл – бір отбасының ауылға жасаған қызықты да қиын сапары туралы хикая. Философиялық астары бар отбасылық комедия бүгіннен бастап көрерменге жол тартты.
«Мүшел жас» фильмі бір отбасының тағдыры арқылы бірнеше буынның бір мезетте өмірдің маңызды кезеңіне қадам басуын баяндайды. Қазақы танымда мұндай шақ айрықша мәнге ие. Өзіне, іс-әрекетіне және жақындарына мұқият болуды талап етеді. Оқиға желісі бойынша атасы туған-туысын ауылға барып, көне ғұрыпты орындауға үндейді. Алайда жол үстіндегі сапар сынаққа айналады.
БЕКСҰЛТАН ҚАЗЫБЕК, ПРОДЮСЕР:
— Бұл отбасылық кино. Кез келген жаста болсаң да, бұл киноны көре аласың. Мүшел жастан бәріміз өттік. Сондықтан бұл кино көрерменге жақын деп ойлаймын. Менің ойымша, біздің көрерменге кино қатты ұнайды, өйткені мүшел жас тақырыбы қазақтарға өте жақын.
Жоба авторларының айтуынша, фильм әртүрлі жастағы көрерменге арналып, жеңіл әзіл мен терең ойды үйлестіре отырып ұсынылып отыр. Бір отбасының тарихы арқылы шығармашылық топ көпшілікке таныс маңызды тақырыпты, ұрпақ арасындағы қарым-қатынастан бастап адамның жан тыныштығына қол жеткізуге дейін қозғайды.
ТОЛҚЫН НҰРБЕКОВА, АКТРИСА:
— Қазақтар мүшелге келгенде өте ұқыпты болған. Мүшел жастан кейбіреулері өте оңай шығып кетеді, кейбіреулері сәл қиналып қалып жатады. Түсірілім алаңында қиын сәттер болды деп айта алмаймын. Бәрі өте көңілді, жайлы өтті.
«Мүшел жас» фильмі дәстүрге жаңаша көзқараспен қарауға шақырады. Туынды адамның бір сәт аялдап, қайта зерделеуге және жақын адамға көбірек көңіл бөлуді ұсынады. Фильм еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.