Дағыстандағы алапат тасқын солтүстікқазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Зардап шеккен ағайынға теріскейліктер де жылу жинады. Азық-түлік, гигиеналық заттар, киім-кешек, төсеніш және қажет құрал-саймандар тиелген жүк көлігі жолға шықты.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Мұны солтүстікқазақстандықтар жақсы түсінеді. Өйткені осыдан екі жыл бұрын өңірде болған алапат тасқынды теріскейліктер ел болып еңсерді. Қазақстанды айтпағанда көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Ингушетия сынды бірнеше мемкелекет көмек қолын созды. Сондықтан жергілікті жұрт белсенділік танытып, бұл жолы ауызбіршілігін көрсетті. Қайырымдылық акциясына тасқыннан зардап шеккен «Бірлік» шағын ауданының тұрғындары да жаппай үн қосты.
ВИКТОРИЯ ШАНАУРИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мұндай қиындық біздің де басымыздан өткен. Бар дүние-мүлкімізден айырылдық. Бірақ жан-жақтан көрсетілген көмектің арқасында бәрін жеңдік. Енді Дағыстан халқы үшін бірігіп жатырмыз. Барлығы жақсы болады деген сенімдемін.
УЛЬЯНА ВАЩЕНЬКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мұндай кезде не қажет екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан көмекті өз қалауымызбен жинадық. Ең алдымен, гигиена заттарын, сосын аумақты тазалауға арналған құралдарды әкелдік. Бұдан бөлек азық-түлік тағы бар.
«Теріскейліктердің бірлігі қаншанда мығым. Жергілікті жұрт қайырымдылық шаралардан қалыс қалып көрген емес. Сондықтан гуманитарлық көмек жөнелту туралы бастама көтерілгенде қол ұшын созғандар аз болмады», — дейді қайырымдылық керуенін ұйымдастырушы Дамир Қанапияұлы.
ДАМИР ҚАНАПИЯҰЛЫ, ВОЛОНТЕР:
— Жылуды жинауды екі апта бұрын бастадық. Жұрт 15 тоннадан астам гуманитарлық көмек әкелді. Әсіресе «Ойқала», «Бірлік» шағын ауданының тұрғындары белсенді екенін көрдім. Жалпы қол ұшын созған барлық жанға алғысымды білдіремін. Аманатты өзім жеткізіп беруге бел будым.
Көлікке 100 отбасыға арналған азық-түлік тиелді. «Сын сағатта бірге болу біздің азаматтық парызымыз», — дейді теріскейліктер. Петропавлдан Дағыстан Республикасына дейінгі жол 3 мың шақырымнан асады. Сәтін салса, қайырымдылық керуені 4-5 күнде Махачкалаға жетеді деген жоспар бар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.