Жанәбіловтерге қатысты іс бойынша сот үкімі шықты

Астанада блогер ерлі-зайыпты Жанәбіловтерге қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Соңғы аптада бірнеше рет кейінге шегерілген процесс аяқталды. Бұған дейін айыпталушылар процессуалдық келісімге келу туралы өтініш білдірген. Сот бұл ұсынысты прокурорға қарауға жолдаған еді. Нәтижесінде, тараптардың мәмілеге келгені сот отырысында белгілі болды. Прокурор бастапқыда 4 жыл жаза сұраған. Алайда келісімнен кейін Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу сұралды. Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Дегенмен кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты оның жазасын өтеу екі жылға кейінге қалдырылды. Судья кеңесу бөлмесінен оралып, үкімді жариялады. Екі айыпталушы да прокурор ұсынған жазаға кесілді.
ӘДІЛБЕК БАЙМАХАНОВ, СУДЬЯ:
— Сот үкімімен Ерболат Жанабылов Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы және 218-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы «Заңсыз кәсіпкерлік», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе басқа мүлікті заңдастыру, жылыстату» ьаптары бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қылмыстық кодекстің 63-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жаза мерзімі шартты түрде өтеліп, бүкіл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді. Эльмира Төлегенова осы баптар бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, ол ең төменгі қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтелсін. Үкімді орындау 2 жылға кейінге қалдырылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал