Саясат Нұрбек: Университеттердегі оқу бағдарламасының мазмұны толықтай өзгереді

Қазақстанда жыл сайын 170 мыңға жуық студент оқу бітіреді. Бірақ олардың бәрі бірдей жұмысқа орналаса алмайды. Кей салада түлектердің үштен бірі мамандығы бойынша қызмет таппай жүр. Ал жұмыс берушілер керісінше: «Кадр жетіспейді», — дейді. Осы қайшылықты Ғылым және жоғары білім министрі ашық айтты. Саясат Нұрбек мәселенің қандай шешімін ұсынады?
Мәжіліс депутаттары алдында сөз сөйлеген Саясат Нұрбек бірден саладағы проблеманы жайып салды. Министрдің айтуынша, Қазақстанда жоғары білім беру жүйесі еңбек нарығының талабына ілесе алмай отыр. Технология дамыған сайын маманға қойылатын талап та өзгерген. Әсіресе жасанды интеллектің әсері күшейген кезеңде ескі тәсілмен кадр даярлау тиімсіз.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
— Біздің ректорларымыз, профессорларымыз: «Біз 30-40 жыл оқытқан бағдарламамызды бұлар қалай жабады?», — деп шығады. Бірақ мазмұны ескірді. Бірінші кезеңде 700 бағдарламаны бірден жабуға тура келеді. 500-ден астам оқу бағдарламасының мазмұны толықтай өзгереді. Көптеген өңірлік университетте пәндік лицензияларды тартып алуға тура келеді. Әрине, оқып жатқан балаларға тиіспейміз. Оларға бітіруге мүмкіндік береміз. Бірақ одан кейін бұл бағдарламалар болмайды, оларды жабамыз!
Жоғары аудиторлық палатаның өкілі университеттерде грант бөлуге қатысты сын айтты. 2023-2024 жылдары білімге бөлінген қаражаттың 60%-ы бірыңғай есеп жүйесінен тыс жұмсалған. Жұмыспен қамту көрсеткіші төмен 67 университетке грант бөлінгені анықталған. Ал бұрын оқудан шығарылғандарға қайтадан грант беру фактілері тіркелген. Жалпы шығын – 85 миллион теңге. Грантқа түсіп, кейін оқудан шығып қалған студенттердің жайы өз алдына. Аудиторлардың есебінше, соңғы үш жылда 24 мың студент оқудан кеткен. Оларға мемлекет 19,6 миллиард теңге жұмсаған. Бірақ 10 мың студент бойынша гранттың қайда кеткені белгісіз.

ТІЛЕГЕН КАСКИН, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Оқудан шығарылған студенттер бойынша қаражатты қайтарудың толыққанды тетігі жоқ. Сонымен қатар міндетті жұмыспен өтеуден жалтарудың магистратураға түсіп, кейін оқудан шығу арқылы жүзеге асырылатын қосымша схемасы да қалыптасқан. Тек осы санат бойынша мемлекетке келтірілген болжамды залал 10,8 млрд теңгеге бағаланады.
Сондықтан грант бөлу жүйесінде үлкен өзгеріс болғалы тұр. Сұранысы жоқ мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс қысқарады. Энергетика, мал дәрігері, жол құрылысшысы мамандықтарына грант көбейеді. Атом энергетикасына көбірек маман даярлау үшін де грант көп бөлінеді.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
— Қазірдің өзінде негізгі басымдық инженерлік-техникалық, педагогикалық мамандықтарға беріледі. Біз халықаралық қатынастар, заңгер, қаржы, экономика мамандықтарын қысқарттық, олар қазір минималды форматта қалды.
Министр нақты басымдықтарды да атады. Алдағы уақытта инженерлік, техникалық және IT бағыттағы мамандарды даярлау күшейтіледі. Себебі осы салаларда кадр тапшылығы айқын сезіліп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал