Әлемде геосаяси ахуал ушығып барады. АҚШ-та Трампқа қастандық жасаған күдікті анықталды. Ол мұғалім болып шықты. Ал Иранда мұнай құбырларына қауіп төнді. Израиль мен Ливан арасындағы қақтығыс қайта қарқын алды. Венгрияда жанармай тапшылығы ушықты. Оған не себеп?
Вашингтонда Дональд Трамптың қатысуымен өткен Ақ үй тілшілерінің дәстүрлі кешкі ас кезінде атыс шығарған күдікті анықталды. Ол 31 жастағы бейнеойын әзірлеуші әрі репетитор Коул Аллен болып шықты. БАҚ өкілдері таратқан мәліметке сәйкес, 2024 жылы ол «Айдың үздік мұғалімі» марапатын алған және Камала Харристің президенттік науқанына қайырымдылық жасаған. Ұсталғаннан кейін Аллен Трамп әкімшілігінің шенеуніктерін атып өлтіргісі келгенін айтқан. Алленнің LinkedIn желісіндегі профиліне сәйкес, оның машина жасау бойынша бакалавр және компьютерлік ғылымдар бойынша магистр дәрежелері бар. Ол 2017 жылы Калифорния штаты университетін тәмамдаған. Естеріңізге сала кетейік, жуырда Америка президентіне қастандық жасалмақ болды. Оқ дыбыстары естілген бойда Құпия қызмет өкілдері оны шұғыл түрде залдан алып шығып, қауіпсіз жерге жеткізген. Президент жарақат алған жоқ. Кешкі асқа қатысқан вице-президент Джей Ди Вэнс те қауіпсіздік мақсатында эвакуацияланды.
Иранның мұнай құбырлары істен шығуға жақын. АҚШ президенті Дональд Трамп осындай ескерту жасады. Ақ үй басшысының айтуынша, Ислам республикасының мұнайды тасымалдау мен сақтау мүмкіндігі төмендеп, құбырлар бітелуге таяған. Тасымал тоқтаса, құбыр бойына қысым жиналып, үш күн ішінде жарылуы мүмкін. Трамп сондай-ақ Иран мұнай инфрақұрылымының жартысына жуығынан айырылса, оны қайта қалпына келтіру қиын болатынын айтты.
Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп барады. Жуырда еврей әскері Ливанның оңтүстігін тағы да атқылады. Атап айтқанда, Хезболла нысандарына жойқын соққы жасалды. Мұны Израиль премьер-министрі бұйырған. Биньямин Нетаньяху бұл шешімін қарымта шабуыл деп атады. Осының алдында Хезболла Израильдің солтүстік аумақтары мен ЦАХАЛ нысандарына әуеден шабуыл жасаған еді. Бұған дейін жасалған уақытша бітім бірнеше мәрте бұзылды. Қазір Израиль Қорғаныс армиясы, шекара маңындағы тұрғындарды эвакуациялап жатыр.
Мажарстанда жанармай қорының жағдайы мүшкіл. 15 күннен соң таусылып қалатын түрі бар. Бұл туралы елдің тәуелсіз жанармай құю бекеттері қауымдастығы мәлімдеді. Таяу Шығыстағы қақтығыстан кейін жергілікті бірнеше бензин құю бекеті жұмысын тоқтатқан. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында ел үкіметі мұнай өнімдерінің бағасына шектеу енгізген болатын. «Нарықтағы ахуал тек жылдың аяғында оңалуы мүмкін», — дейді сарапшылар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.