Астанадағы Үркер тұрғын алабында сенбілік өтті

Астанадағы Нұра ауданына қарасты Үркер тұрғын алабында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті. Ауқымды шараға, ардагерлер кеңесі мүшелері, депутаттар, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Игі іс аясында алма, қарағаш, пен қарағай секілді бір жарым мыңдай ағаш отырғызылды.
Үркер тұрғын алабындағы №94 мектеп ауласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кәсіпкерлер мен әлеуметтік мекеме қызметкерлері, құрылыс ұйымдарының өкілдері жаппай көшет отырғызуға шықты. Жиналғандардың бір тобы тал ексе, тағы біреулері топырақты қопсытып, айналаны қоқыстан тазартты.

МҰРАТ ТЕМІРБОЛАТОВ, НҰРА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Сенбілікке қатысып жатырмыз. Жастарға үлгі болсын. Бұрыннан қатысып келеміз.
ӘЛИЯ ӘБСЕМЕТОВА, НҰРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— «Таза Қазақстан» акциясы аясында және 2030 жылға дейін «Жасыл қала», «Жасыл Астана» деген бағдарлама бар. Соның аясында әр жыл сайын миллионнан астам жасыл желектер отырғызылып жатыр. Осы жылы Нұра ауданы бойынша 8 мыңнан астам ағаш отырғызылады деген жоспар бар.

Бұл жолы тек бір мектептің ауласы абаттандырылып қойған жоқ. Игі іс №69 білім ошағының саябағында да жалғасын тапты. Бірлесе көтерген жүк жеңіл. Аға буын өкілдері мен оқушылар бір кісідей жұмылып, мектеп маңын әп-сәтте айнадай қылды.

ТАБИҒАТ ЗЕЙНОЛҚАБДЕН, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ:
— Үркер тұрғын алқабына келіп, барлығымыз жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін 400-ден астам ағаш отырғызылды. Осының бәрі – қаламыздың көркеюі үшін атқарылып жатқан жұмыстар.

Көгалдандыру – көптің ісі. Игі іске Нұра ауданының тұрғындары бұрыннан бейжай қараған емес. Соңғы үш аптада аудан бойынша 2 мыңнан аса көшет отырғызылды. Оның арасында алма, мойыл ағашы, кәдімгі қарағаш пен қарағай бар. Алдағы уақытта тағы да 8 мыңдай түп көшет отырғызу жоспарланған. Осы аудан бойынша экологиялық акцияға 7 мыңнан астам адам қатысты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал