Қонаевта қоғамдық жағажай орнына қонақүй салынбақ: тұрғындар наразы

Қонаев қаласындағы «Рауан» ықшам ауданының тұрғындары коммуналдық жағажайдан айырылып қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Қауіптенуге негіз де жоқ емес. Өйткені онда жаңа инвестор келіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға қонақүй мен мейрамхана салатынын айтқан. «Егер инвестордың осы жоспары жүзеге асса, жағажайдан айырыламыз. Жер жекеге өткен соң, онда ешкімді кіргізбейді. Сондықтан біз қалалық жағажай аумағынан қонақүй салуға үзілді-кесілді қарсымыз!», — дейді «Рауан» ықшам ауданының тұрғындары.
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов былтыр күзде «Рауан» ықшам ауданының тұрғындарына №4 коммуналдық жағажайдың №5 жағажай сияқты абаттандырылатынын айтып, уәде берген. Алайда мұнда қонақ үй мен мейрамхана салынатынын ескертпеген.

№4 жағажай 5 наурыз күні өңірлік инвесторлар комиссиясының шешімімен жаңа инвесторға жалға берілді. Сол құжатқа сәйкес, жерді жалға алушы компания 1 маусымға дейін жағажайға 600 млн теңге құйып, абаттандыру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Болашақта қонақ үй мен мейрамхана салмақшы.

ДУМАН ЗЕЙТЕНОВ, ИНВЕСТОР:
— Қазіргі уақытта комиссиядан өттік. Одан өту үшін де біраз құжат жинадық. Екі мың квадратқа қонақүй және мейрамхана салынады. Ал территорияға бәрі кіре алады. Бірақ жағажайдағы демалатын орындар ақылы болады.

№4 қалалық жағажай аумағынан төрт қабатты қонақүй салуға «Рауан» ықшам ауданының тұрғындары үзілді-кесілді қарсы. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың өзі жаңа қонақ үй ғимараты салынатын жердің кейін жекеменшікке өтетінін жоққа шығармады.

Қала әкімі жуық арада аталған мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өткізуге уәде берді. Қоғамдық тыңдау уақыты «Рауан» ықшам ауданының халқына бірнеше күн бұрын ескертілуі тиіс.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал