Енді ЖИ медицинада, ауыл шаруашылығында, бизнесте белсенді қолданылады

Елорда іргесіндегі Қосшы қаласында тағы бір жаңа суперкомпьютер іске қосылады. Ол Алматыдағы компьютерден үш есе қуатты болады. Үкімет отырысында жасанды интеллектіні түрлі салаға енгізу мәселесі қаралды. Мәселен, елімізде ЖИ бойынша мамандар даярлаудың бірыңғай моделі енгізілгені айтылды.
СЫРНАЙ ЖАНАТХАН, ТІЛШІ:
— Қазақстанда дәрігер қабылдауында уақытты қысқарту үшін жасанды интеллектіні енгізу ұсынылды. Жүйе дәрігер мен пациент диалогын жазып, оны медициналық дерекке айналдырады. Алынған ақпарат қабылдау картасына автоматты түрде толтырылады және алдын ала диагноз ұсынылады. Осылайша құжат жүргізуге кететін уақыт 50%-ға қысқарады.

Ал ауыл шаруашылығында ЖИ егіс алқаптарын басқаруда қолданылып жатыр. Қазір бұл жүйе Солтүстік Қазақстан облысында іске қосылған. Технология дақылдар қандай жағдайда екенін талдап, су мөлшерін есептейді және егу кезіндегі қателіктерді анықтайды.

БАҚТИЯР ОСПАНОВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АСТЫҚ КОНСОРЦИУМЫ» БАСШЫСЫ:
— Біздің цифрлық платформа тек есеп жүйесіне ғана емес, агробизнесті интеллектуалды басқару құралына да айналуда. Цифрлық платформаны енгізу қорытындысы бойынша біз мынадай нәтижелерге қол жеткіздік: операциялық шығындар 5-10%-ға төмендеді, өндіріс тиімділігі 10-20%-ға артты, адами фактордың ықпалы айтарлықтай төмендеді.

Бүгінгі отырыста жасанды интеллект түрлі салаға енгізіліп жатқаны айтылды. Ел экономикасына жүйелі енгізу үшін 72 бағытты қамтитын 20 карта бекітілген. AI-First тәсілі енгізілуде. Бұл жүйе «электрондық үкімет» порталында қолжетімді болады. Әсіресе бизнес бастайтындар үшін тиімді.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
— Бұл жоба Қаржы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Бұрын бір үйде немесе ауданда бір уақытта бірнеше ұқсас нысанның ашылу қаупі болатын. Мысалы, кофеханалар немесе дәріханалар. Енді кәсіпкер картадан қажет аумақты таңдайды, ал жүйе осы локацияда кімнің тіркелгенін немесе жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект бизнес ашуға неғұрлым қолайлы нұсқаларды ұсынады.

Жасанды интеллект инфрақұрылым саласында да қолданылып жатыр. Жобалаудан бастап құрылыс барысын бақылауға дейін. Ал геологияда мұрағаттық деректер цифрлық форматқа көшірілуде.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің пилоттық бастамалар деңгейінде қалып қоймай, оны отандық экономиканың нақты драйверіне айналдыру үшін бізден жүйелі шешімдер күтеді. Жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет.

Үкімет басшысы цифрландыру мен ЖИ жобаларына басымдық беру қажет екенін атап өтті. Яғни бұл бағыт алдағы уақытта да қарқынды дамиды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал