Еліміздің солтүстігінде 100-ге жуық азамат табанақы, маңдай терімен тапқан еңбекақыларын ала алмай жүр. Олар Қызылжар ауданындағы елді мекендерді тасқыннан қорғайтын дамбаны бетондаған. Айтуларынша, жұмысты уақытында аяқтаған. Алайда жауапты мамандар әлі күнге дейін толық есеп айырыспаған көрінеді. Оған не себеп?
Бұл – Түркістан, Алматы және Маңғыстау облысынан келіп, еңбек еткен азаматтардың жанайқайы. Олар қала іргесінде орналасқан ауылдарды қоршай салынған дамбаны бетондаған. Қара жұмысты талғамай істегендер, жыл басынан бері маңдай тері ақыларын даулап жүр.
ЕРМЕК САНДЫБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қаңтар айынан бастап 140 млн теңгедей ақшамызды алған жоқпыз. Күнде: «Ертең береміз», — дейді. Аудандық әкімдікке барып едік, олар: «Біз ақшаның барлығын беріп қойғанбыз», — дейді. Біздің бухгалтериямыз: «Әкімдік әлі берген жоқ», — дейді.
Жалақы уақытында төленбеген соң 100-ге тарта атпалдай азамат тағырыққа тіреліп, қарызға белшеден батқан. Айтуларынша бұл жандардың әрқайсысына жұмыс беруші орта есеппен 3-4 миллион теңгеден қарыз.
ТАСБОЛАТ САНДЫБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Көпабалалы әкемін. Осында істегеніме 8 ай болды. Үйге бармай, бала-шағаны бағамыз деп, осы жерге келіп жұмыс істедік. Барлық жұмысты бітірдік, енді еңбекақымызды ала алмай жатырмыз. Несие бар, бала-шағаның тамағы, киім-кешегі бар.
Жұмыс беруші – «Титан – Север» компаниясы. Құрылысшыларды сергелдеңге салған осы серіктестік. Соңғы кездері сараңдық танытып, сан түрлі сылтау айта бастаған. Басшысы тілшілерге мән-жайды түсіндіріп, сұқбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал әкімдік өкілдері болса, сұрақты бақылауға алатынын жеткізді.
АЗАТ ЫБЫРАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Келісімшарт бойынша аудандық әкімдік бас мердігермен толық есеп айырысты. Біз ешкімге берешек емеспіз. Қазір қосалқы мердігер ұйыммен екеуара мәселе туындаған. Бүгін осы мәселе бойынша кездесу ұйымдастырылды. Сұрақ 2-3 күнде шешілуге тиіс.
15 шақырымнан асатын дамбаны бетондауға республикалық бюджеттен 8,7 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Енді бөгет маңын абаттандыру жұмыстары қалды. Ал жалақы мәселесі осы апта шешілмесе, бұл жандар еңбек инспекциясымен прокуратураға арыз түсірмек ниетте.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.