Қазақстан халқының бірлігі күніне орай 2000 оқушы бір мезетте күй тартты

Елордада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауқымды флешмоб өткізілді. Шара «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деп аталды. Екі мың оқушы бір мезетте күй тартып, Астана көгін әсерлі әуенге бөледі.
Екі мыңға жуық оқушы күйші-композитор Қаршыға Ахмадиевтің «Алтын ұя» күйін бір мезетте орындады. Музыкалық флешмоб барысында әртүрлі аспаптың үні бір арнаға тоғысып, көпұлтты елдің ынтымағы мен татулығын айшықтады.

Флешмобқа қатысқан оқушылар домбыра, флейта, қылқобыз, сазсырнай, жетіген, қобыз сынды онға жуық ұлттық және классикалық аспапта өнер көрсетті. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» тақырыбындағы ауқымды флешмод туған жерге деген сүйіспеншілікті терең сезінуге мүмкіндік берді. Мәдени шараны Астана қаласы әкімдігі мен Білім басқармасы ұйымдастырды.

Айтулы шараға Астанадағы өнер және музыка мектептері мен жалпы білім беру ұйымдарының 10-16 жас аралығындағы оқушылары қатысты. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясы музыка арқылы көрініс тауып, «Алтын ұя» күйі Отанға деген сағыныш пен құрметтің символына айналды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал