Балалар арасындағы ашушаңдықтың басты себебі – ұйқының бұзылуы

Елімізде ашушаң бала мен ересектер көбейіп бара жатқандай әсер қалдырады. Соңғы уақытта мектепке балтамен барған оқушы немесе сыныптасын топ болып ұрған жасөспірімдер туралы хабар жиіледі. Алайда ресми статистикаға сүйенсек, психикалық дертке шалдыққандар саны соңғы жылдары күрт артпаған. Дегенмен мамандар балалар арасында жаңа қауіп – цифрлық тәуелділік пен мінез-құлқында өзгеріс байқалатынын айтады. Себебі неде?

Алматыда болған оқиға әлі ел есінде. Аялдамада тұрған зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан ер адам бұрын істі болған. Әрі шизофрения белгілерімен психиатр бақылауында тұрған. Келесі бір бейнежазбада жартылай жалаңаш ер адам көшеде қолына пышақ ұстап жүр. Соңғы кезде жиілеген осы тәрізді оқиғалар қазақстандықтарды алаңдатып отыр. Қоғамда «психикалық ауытқуы бар адам көбейді, олардан қауіп күшейді» деген пікір жиілеген. Алайда мамандар бұған келіспейді.

Науқас дәрігерге өз еркімен жүгінуі мүмкін немесе сот шешімімен есепке қойылады. Диагнозы мен жағдайына қарай бақылау жиілігі де әртүрлі: кейбіріне ай сайын қаралу қажет болса, енді біріне жарты жылда бір рет көрінсе жеткілікті. Мамандар басты мақсат оларды оқшаулау емес, қоғамға бейімдеу екенін айтады. Ал депутаттардың психиатриялық қызметке қатысты пікірі басқа.

ИРИНА СМИРНОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Аймақтарға барған кезде психиатриялық көмек көрсететін диспансерлерге кіріп көрдім, мәселе көп. Бұл саламен жүйелі түрде айналысу керек, қолдау көрсетіп, дамыту қажет. Сондай-ақ жеке секторға жол ашу маңызды. Өйткені жеке психиатриялық клиникалар жоқтың қасы.

Мамандар психикалық диагнозы бар адамдардың құқығы шектелмейтінін еске салады. Оларды мәжбүрлі түрде емдеу тек сот шешімімен немесе арнайы маманның нұсқауымен ғана жүргізіледі. Уақытылы дәрі ішуді тек дәрігер ғана емес, жақындары да қадағалауы тиіс. Ал балалар арасындағы ашушаңдықтың басты себебі – ұйқының бұзылуы. «Ол көбіне телефонды ұзақ қолданумен байланысты», — дейді сарапшы. Яғни мәселе диагнозда ғана емес. Қоғамдағы өзгеріс, цифрлық орта және ата-ана бақылауының аздығы бала психикасына кері әсер етіп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал