Сабақ кезінде оқушыларға мен мұғалімдерге телефон ұстауға тыйым салынуы мүмкін

Мектепте сабақ барысында оқушылар мен мұғалімдерге телефон ұстауға тыйым салынуы мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы қаралды. Құжатта ұстаздардың жауакершілігін нақтылау, артық қағазбастылықтан арылту сияқты бірқатар маңызды норма ұсынылды.

Осы уақытқа дейін оқушыға қатысты барлық жауапкершілік мектеп пен мұғалімге жүктеліп келгені белгілі. Ал ата-ананың міндеті көбіне екінші кезекте қалып келгені жасырын емес. «Педагог мәртебесі» туралы жаңа заң жобасында бұл мәселе ескерілді. Енді мектептен тыс уақытта балаға қатысты оқыс жағдайлар үшін ата-аналардың жауапкершілігі нақты айқындалмақ. Яғни мұғалімдер оқушы қауіпсіздігіне тек оқу процесі кезінде жауап береді, ал сабақтан кейінгі уақыт ата-ананың міндетіне жүктеледі.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Мұғалімдер түнде немесе кешке, жұмыстан тыс уақытта болған оқиғаларға жауап бермеуі керек. Сондықтан біз тайға таңба басқандай нақты норманы енгіздік. Енді мұғалімдер еңбек демалысы уақытында, түнде болған немесе жексенбі, сенбіде болған жағдайларға жауап бермейді. Өйткені ол – ата-ананың жауапкершілігі.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
– Тағы бір маңызды жаңалық — жаңа заң жобасында мектепте смартфон қолдануға шектеу енгізу мәселесі қаралып жатыр. Яғни сабақ кезінде оқушыларға да, мұғалімдерге де телефон ұстауға тыйым салынуы мүмкін. Бұл бастама, ең алдымен, білім сапасын арттыру және балаларды буллингтен қорғау мақсатында ұсынылған.

ЕЛЕНА СМИРНОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Барлығы өз міндетімен айналысуы керек. Мұғалім сабақ беріп, оқушы білім алып, яғни олар өзара қарым-қатынас жасауға тиіс. Сабақ үстінде телефонға алаңдамау қажет. Бұл – дұрыс бастама. Ол оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.

Заң жобасында ұстаздарды артық қағазбастылықтан арылту да көзделген. Қазіргі таңда мұғалімдер есепті қағаз және электронды форматта қатар тапсырып келеді. Жаңа норма бұл мәселені реттеуді қарастырады. Сондай-ақ педагогтерді өз қызметіне жатпайтын жұмыстарға тартпау да заңмен бекітілмек.

«Құжатта ұсынылған өзгерістер ұстаз бен ата-ана арасындағы жауапкершілікті нақты айқындап, білім беру жүйесіндегі тәртіпті күшейтуге ықпал етеді», — дейді депутаттар. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Енді құжат Мәжілістің екінші оқылымында қаралады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал