БҚО-дағы Теректі ауданында 29 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрады

Тату үйдің шаңырағы биік. Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданында өмір сүріп жатқан 29 ұлттың өкілі осылай дейді. Ауыл шаруашылығы мен өндірісті қатар өндіріп, еңбекпен өскен аймақ тұрғындары бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олар 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнін бірге атап өтуді игі дәстүрге айналдырған.

Қазақтың кең жазирасы сан ұлттың қасиетті мекені – Отаны. Тағдырдың тауқыметін көріп, теперішке тап болған халықтың ұрпақтары Қазақстанды өз елім деп санайды. Екінші дүниежүзілік соғыста депортацияға ұшыраған неміс халқының өкілдері де мейірімді халықтың ортасына келіп пана тапты. Өсті, өнді.

ВЕРА МЕДЕТОВА, НЕМІС ЭТНО-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
– Менің анам соғыс кезінде депортациямен келді. Екі жыл жолда жүріп Қазақстанға, тұрақты жерге ауыстырылды. Қазақ жерінде қазақ халқының көмегін көріп өсіп-өнді. Біз де қазақ жерінде дүниеге келдік. Қазақ тілін кішкентай кезімізден меңгердік. Салт-дәстүрлерін білеміз. Өзім қазақтың келінімін, шеркештің келінімін. Үш баланың анасымын. Төрт немерем бар.

Достық үйі – достықтың қара шаңырағы. Осыдан 15 жыл бұрын ашылған орталық сан ұлттың басын қосатын қасиетті орын. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде барлық ұлт өкілі осы жерде бас қосты. Достықты паш етті, өткеннен сыр шертті. Белорус ұлтының өкілі Людмила Степаненконың ата-бабалары Жайық жеріне осыдан 1 ғасыр бұрын қоныстанған.

ЛЮДМИЛА СТЕПАНЕНКО, БЕЛАРУСЬ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
– Әкемнің туыстары Беларусьтің Могилев облысы Курбаки деревнясынан. 1953 жылы тың игеру кезінде келген. Ал анамның ағайындары Столыпин реформасы кезінен бері осы жерде өмір сүріп келеді. Біздің отбасымызда да бірнеше ұлттың өкілі бар. Ұлттық мейрамдарды әркезде де бірге атап өтеміз. Қазақстан сияқты көп ұлтты елде бірлік, татулықпен өмір сүріп жатырмыз.

Бірлік пен ынтымақ – елдіктің негізі. Осы мақсатта ерен еңбек етіп жүргендер кейінгі ұрпаққа достық пен татулықты үлгі етіп, бірлік бар жерде тірліктің де боларын дәріптеп жүр.

ЛӘЙЛӘ ҚАРАЖІТОВА, «АЛТЫН БЕСІК» ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
– Бір-бірімізден үйренеріміз әлі де көп. Сондықтан халқымыздың ынтымағы, бірлігі зор болсын. Ортақ еліміз, ортақ үйіміз – Қазақстанды бәріміз бірге гүлдендірейік! Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын!

Татулықты ту еткен ауыл жұрты елдегі тіршілікке қашан да бірге атсалысады. Осы жолы да мерекеде бас қосқан теректіктер «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акция аясында Достық саябағына көшет отырғызды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал