Астанада қариялар 1 мамыр сөзін бейнелеп, Бірлік күніне үн қосты

Астананың қариялары – патриот. Жүзден астам зейнеткер таңертең ботаникалық баққа жиналып, бірлік пен татулықтың ерекше үлгісін көрсетті. Жасы 70-тен асқан қариялар топтасып, 1 мамыр сөзін бейнеледі. Патриоттық челленджді олар ертеңгі Қазақстан халқының бірлігі күніне арнап отыр.
«Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» челленджінің басты кейіпкерлері – жастар емес, өмір тәжірибесі мол аға буын. «Тайқазан» маңында жиналған қариялар «1 мамыр» сөзін бейнелеп, Бірлік күніне өз үнін қосты.

Зейнеткерлердің бәрі де – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының скандинавиялық серуен үйірмесінің қатысушылары. Көбі 70-75 жаста. Араларында 89 жастағы қария да бар. «Ауырдым, үйде жатамын», — демейді, қолына таяқ ұстап, саябақта серуендейді.

ҒАЛЫМЖАН ИМАНБАЕВ, ЗЕЙНЕТКЕР:
– Қандай күні болсын, жауын-шашын не ыстық болсын, осында жүреміз. Жаяу жүрістің арқасында және саябақтың да ауасы жағып, денсаулығымыз дұрысталып келе жатыр.

Нұра ауданындағы скандинавиялық серуен үйірмесі екі жыл бұрын ашылған. Оған 187 зейнеткер тұрақты қатысады. Үйірмені тәжірибелі маман, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт қызметкері Туғанай Бейсембаева басқарады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал