АҚШ Ормуз бұғазы бойынша коалиция құруға ниетті

АҚШ Ормуз бұғазы бойынша коалиция құруға ниетті. Жалпы Америка билігі Таяу Шығыстағы қақтығысқа 25 млрд доллар шығындағаны жарияланды. Ал БҰҰ-ы Иранды өлім жазасын күрт көбейтті деп айыптады.
АҚШ Иранмен соғысқа 25 млрд доллар жұмсаған. Бұл туралы Пентагон өкілі мәлімдеді. Шығынның басым бөлігі қару-жараққа кеткен. Айта кетсек, президент Дональд Трамп әкімшілігі қарулы қақтығыстың алғашқы алты күніне 11,3 млрд қаражат кеткенін айтқан еді. Десе де кей сарапшылар Пентагон жариялаған санға күмән келтіріп отыр. 25 млрд доллар – НАТО-ның биылғы бюджетіне пара-пар сома.

АҚШ Ормуз бұғазы бойынша жаңа халықаралық коалиция құрмақ. The Wall Street Journal басылымының дерегі бойынша, Вашингтон елшіліктерге арнайы тапсырма берген. Оған сәйкес, америкалық дипломаттар басқа елдердің үкіметін коалицияға қосылуға үгіттеуі тиіс. Одақ құрудағы басты мақсат – ақпарат алмасу, дипломатиялық іс-қимылды үйлестіру және санкцияның орындалуын қадағалау. Ормұз бұғазы бойынша коалиция құруға Президент Трамп осыған дейін де бастамашы болды.

Иранда өлім жазасына кесу күрт өсті. Осыған байланысты БҰҰ дабыл қағып, Ислам республикасы басшылығын қатаң айыптады. Иран адам құқықтарын асқан қатігездікпен шектеп, азаптауларға жол берді деп есептейді. БҰҰ дерегінше, 21 адам өлім жазасына кесілген, 4 мың адам қамауға алынған. «Қарулы қақтығыс пен ел ішіндегі наразылықтарға байланысты репрессия да көбейді», — дейді ұйым өкілдері. Осы ретте ұйымның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Тегеранды жазаларды тоқтатуға және негізсіз ұсталғандарды босатуға шақырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал