Әлемдік мұнай бағасы күрт қымбаттап, соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Лондон биржасындағы Brent маркалы мұнай баррелі 120 доллардан асып, тіпті 125 долларға дейін көтерілді. WTI маркалы мұнай бағасы да 110 доллар шамасына дейін өскен. Бағаның бұлай шарықтауына Дональд Трамптың Иранға қатысты мәлімдемесі түрткі болды. Ол Тегеран «ядролық келісімге» келмейінше, блокада сақталатынын айтты. Отандық сарапшы: «Brent маркалы мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстан үшін біржақты тиімді деу қиын», — дейді.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ – САРАПШЫ:
— Brent маркалы мұнайдың қымбаттауы Қазақстанға пайдалы немесе зиян деп бір жақты айта алмаймыз. Өзіндік жақсы және кері әсері бар. Енді ұтатынымыз не? Бюджет тапшылығы азаяды, Ұлттық қорға түсетін түсімдердің артуы және салықтардың, оның ішінде қосымша құн салығының, жер қойнауын пайдаланушылардан да табыстары арта бастайды. Бірақ бұның үлкен экономикалық зардабы да бар. Бірінші кезекте, бұл біздің инфляцияның артуына әсер етуі мүмкін, өйткені мұнайдың бағасы қымбаттаған сайын логистика қымбаттайды, бұл импорттың бағасына әсерін тигізеді. Екіншісі, жалпы экономикада Голланд ауруы деген әдіс бар. Бұл жалпы экономикадағы «тәуелділік феномені» деп аталады, яғни мұнайдың табысы артқан сайын экономикаға, әртараптандыруға әсерін тигізетін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты салалардың дамуын тежей бастайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.