Елордада «Достық керуені» атты мерекелік шара өтті

Елордада Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлау басталып кетті. Соның бірі – «Достық керуені» атты мерекелік шара. Бір алаңға жиналған жүздеген оқушы өнерін көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеді.
Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Достық керуені» атты мерекелік шара өтті. Концерттік бағдарламаны елорданың ең үлкен Махамбет Өтемісұлы, Әл-Фараби атындағы және «Таным» оқушылар сарайы ұйымдастырған. Жиналған жұртқа алаңда 500-ге жуық оқушы өнерін паш етті.

ГҮЛЗИРА ОСПАНОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНАҒЫ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:
— Бағдарлама өте мазмұнды. Алаңда жас суретшілер пленары, этно стильдегі көрмелер қойылған. Бестас, тоғызқұмалақ сияқты спорттық шаралар да ұйымдастырылып жатыр.
Шара аясына балалар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын көрерменге ұсынып, асық атып, тоғызқұмалақ ойнап, мерекеге арнап сурет салды. Сонымен қатар қыш құмыра жасау, архитектуралық макеттер мен робототехника бағытындағы жұмыстар таныстырылып, оқушылардың үйірмелерде жеткен жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды.

Әр ұлттың биі мен әні шырқалған шара достық пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды. Көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мерекелік кеш бірлік пен ынтымақтың маңызын тағы бір мәрте айқындады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал