Бір шаңырақ астында: Қазақстан ондаған ұлт өкілі үшін ортақ үйге айналды

Қазақстан ондаған ұлт өкілі үшін ортақ үйге айналды. Олардың әрқайсысы ел мәдениетіне өз ерекшелігі мен дәстүрін алып келді. Әрине, көптеген ұлт өкіліне жер ауыстыру оңайға түскен жоқ. Алайда дәл осы жерде қиындықтарға қарамастан, олар жаңа өмір бастап, біртұтас халықтың бөлшегіне айналды.
Юлия Соловьёва – «Эльпида» грек этномәдени бірлестігінің вокалдық ансамблінің жетекшісі. Ол үшін музыка – жай ғана өнер емес, репрессия жылдары Қазақстан жеріне тап болған понтийлік гректердің тағдырымен сабақтас отбасы тарихының бір бөлігі.

ЮЛИЯ СОЛОВЬЕВА, «ЭЛЬПИДА» ВОКАЛДЫҚ АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Барлық ер адамды, менің арғы атамды және басқа да ер азаматтарды алып кететін. Оларды не атып тастайтын, не жер аударуға жіберетін. Бірақ сол кезеңде көбіне бәрі атылып кеткен. Ал әйелдер, балалар, ересектер мен қарттарды Қазақстанның әртүрлі өңіріне жер аударған.

Оның әжесі ерекше дауысқа ие болып, ән арқылы бастан кешкен ауыртпалықты жеткізетін. Бүгінде ата дәстүрін жалғастырып жүрген Юлия Павлодар сахнасында өнер көрсетеді. Ол қазақ тілінде ән шырқап, Қазақстанның өзі үшін нағыз Отанына айналғанын мақтанышпен айтады.
Павлодарлық тағы бір тұрғын – Олеся Стаценко өз отбасының алты ұрпағының тарихын сақтап, біріктіре алды. Ол поляк текті ата-бабаларының тағдыры арқылы өткеннің күрделі кезеңдерін ұмыттырмай, бұл құндылықты балаларына да үйретіп келеді.

ОЛЕСЯ СТАЦЕНКО, «ПОЛОНИЯ» ПОЛЯК ҚОҒАМЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Мен Қазақстанның інжу-маржаны саналатын әсем өңір – Баянауылда дүниеге келдім. Балалық шағым мен жастық кезеңім осы жермен тығыз байланысты. Осындай көрікті жерде өмір сүріп жатқанымызға өте қуаныштымын. Балаларымыз да қазақ тілін, мәдениетін үйреніп жүр.

Павлодарды мекендейтін түрлі ұлт өкілдері үшін Қазақстан халқының бірлігі күні – аса маңызды әрі қымбат мереке. Өйткені дәл осы күні олар ортақ болашақ, өзара құрмет пен бейбіт өмірге бірліктің арқасында жетуге болатынын тағы бір еске алады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал