Елорда төріндегі Достық үйінде Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан – бірлік мекені» атты ұлттық мәдениет фестивалі өтті. Мерекелік іс-шара қонақтарды ерекше көңіл-күйге бөледі. Ұлттық киімдер, әуезді ән, дәмді тағамдардың иісі мерекеге жиналғандарды бей-жай қалдырмады.
Фестиваль алғаш рет елордадағы 20-дан астам этнос орталықтарының басын қосты. Әрқайсысы өз мәдениетін ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары арқылы таныстырды. Шара ұйымдастырушысы Зәуре Оспанованың айтуынша, бұл фестиваль еліміздегі көпұлтты бірліктің символикалық көрінісіне айналды.
ШЕРЗОД ПУЛАТОВ, ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
– Осындай мерекелер арқылы бірлігіміз одан сайын күшейеді және елімізде қаншама әртүрлі этностың барын көреміз. Біздің негізгі қағидамыз – біз әртүрліміз, бірақ теңбіз.
Сахна төрінде этномәдени бірлестіктердің концерттік нөмірлері бірінен соң бірі жалғасты. Билер, әндер мен ұлт аспаптарының сүйемелдеуіндегі туындылар мерекелік рухты асқақтатып, әр мәдениеттің өзіндік ерекшелігін ортақ бірлік ырғағымен ұштастырды.
Мерекелік іс-шараға Астана тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, түрлі этностың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен жақын танысты. Сондай-ақ балалар арасында үздік ұлттық киім байқауы ұйымдастырылып, мерекелік алаң этникалық әртүрліліктің жарқын галереясына айналды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.