Астанадағы стоматологиялық орталығының бірінде 20 жастағы жігіт қайтыс болды. Марқұмның жақындары ажалға сапасыз медициналық көмек себеп дейді. Қазір клиникаға криминалды полицияның мөрі басылып, тергеу басталды.
20 жастағы Мұрат Есболған 30 сәуірде кешкілік Кенесары көшесіндегі тіс емханасына құрт жеген тісін емдетуге барған. Мән-жайды білу үшін марқұмның жақындарымен байланысып едік, олар: «Сараптама қорытындысы дайын болмайынша ештеңе айта алмаймыз», — деді. Мұраттың туыстарының әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, тіс дәрігері жігітке аллергиялық сынама жасамастан екпе салған. Осыдан кейін пациенттің денесі тырысып, жағдайы күрт нашарлаған. Соған қарамастан, оған тағы да дәрі еккен. Туыстары осы жазбада екпені практикант салғанын жазған. Жігіт есінен танып құлағанда, жедел жәрдем шақырылған. Бригада келгенімен, Мұратты аман алып қала алмаған.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Пациенттің өлімінен кейін бұл тіс емханасы жабық тұр, есігіне криминалды полиция бөлімінің мөрі басылған. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Астананың Полиция департаменті бұл оқиға бойынша бірнеше сараптама тағайындалғанын хабарлады.
АСТАНА ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
«Астана қаласындағы стоматологиялық орталықтардың бірінде 20 жастағы елорда тұрғынының қайтыс болу фактісі бойынша Астана қаласының Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде. Қазіргі уақытта бірқатар тергеу әрекеттері тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады».
Стоматологиядағы кісі өліміне не себеп болғанын Денсаулық сақтау министрлігі де тексеріп жатыр. Ведомство өкілінің айтуынша, бұл клиникаға бұған дейін ешқандай шағым болмаған.
АЙГҮЛ ЫСҚАҚОВА, ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Ем-шара алғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлаған. Қазір ресми түрде тексеріс жүріп жатыр. Медициналық және фармбақылау комитетінің күшімен 622 стоматологиялық клиника тексерілуде, әлі аяқталған жоқ. 87-сі лицензиясын қайтарып, клиникалар жабылды.
Мұрат Есболған үйдің кенже ұлы болған. Үш ағасы, екі қарындасы бар. «Қарапайым көңілді жігіт, арманы көп еді», — деп еске алады туыстары. Оның нақты неден қайтыс болғаны 45 күннен кейін, сараптама қорытындысы шыққан кезде белгілі болады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.