Алматыда жауын-шашыннан әуежайға су толды

Алматыда жауын-шашыннан әуежайға су толды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Алматыда жауған нөсер жаңбырға әуежай ғимараты төтеп бере алмай, төбесінен су аққан. Рейстер тоқтаған жоқ. Әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мамандар су өткен жерлерді тексеріп, ақаулы қондырғыларды ауыстыруды қолға алды. Миллиондаған доллар жұмсалған ғимарат неге сыр берді? Сарапшылар мен сәулетшілер арнайы тексеріс жүргізу керек деп есептейді. Айта кетейік, Алматы әуежайы – еліміздегі ең ірі нысан. Негізгі терминал 2003 жылы салынса, жаңа халықаралық терминал осыдан екі жыл бұрын 200 миллион долларға тұрғызылған.
АЙДЫН АҚБАЙ, АРХИТЕКТОР:
— Біріншіден, нысан пайдалануға берілген. Оны дұрыс пайдаланбау салдары осындай жағдайларға соқтыруы әбден мүмкін. Қарапайым су ағатын арықтардың өзі мұндайда маңызды рөл атқарады. Екіншісі, әрине, құрылыс кезінде мердігер жобаның талаптарын сақтамауынан. Үшінші себебі – әу баста ғимараттың дұрыс жобаланбауы, сапасыздығы. Сол себептен осындай мәселелер уақыт өте туындайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал