Жаңа ереже: декрет пен жұмыссыздық төлемдері қалай өзгереді?

Әлеуметтік сақтандыру жүйесі реформаланады. Енді әр тиын ашық бақылауда болмақ. Жұмыссыздық бойынша төлем мерзімі өзгерді. Ал декреттегі ана жұмысқа шықса, жәрдемақы тоқтай ма?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік сақтандыру жүйесін реформалайды. Себебі белгілі, тексеріс кезінде жәрдемақыны молайту үшін табысын жасанды түрде көбейткендер анықталған. Енді жүйе ақылды болады. Алаяқтыққа орын жоқ, тек таза еңбек пен ашық цифр сөйлейді.

МАРАТ ЖАНЫБЕКОВ, МӘСҚ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Салық кодексінің нормаларына сәйкес әлеуметтік аударымдар түскен, қолма-қол ақшамен кірістерді растайтын құжаттарды қосу, оның ішінде бақылау кассалық машиналарды қолдану, арнайы мобильді қосымша; екіншіден әлеуметтік төлемді алушының кірісін әлеуметтік салық пен седициналық сақтандыруына төлеу туралы мәліметтермен растау және үшінші жеке тұлғаның табысы түзетілген жағдайда салық декларацияларының деректерімен салыстыру қажеттілігі көзделеді.

Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – әлеуметтік сақтандыру жүйесін ашық әрі автоматтандырылған ету. Енді «Азаматтарға арналған үкімет» деңгейінде қатаң бақылау енгізіліп, қате немесе күмәнді төлемдер бірден кері қайтарылады.
Атап айтқанда, табыс мөлшері шектен асса, төлем болашақ кезеңге жасалса, ЖСН қате болса немесе зейнет жасындағы азаматтар үшін аударым жүргізілсе, жүйе қабылдамайды. Сонымен қатар табысты тексеру күшейтіліп, қажет болған жағдайда қосымша құжат сұратылады. Ал банк шотында үш ай бойы қозғалыс болмаса, төлем уақытша тоқтатылады. Бұдан бөлек, қате төленген қаражатты қайтару мерзімі 15 жұмыс күніне дейін қысқартылып, барлық қызметтер электронды форматқа көшіріледі.

РАУАН БАЛУАНБЕКОВ, ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:
— Біз жұмыссыз қалған азаматқа берілетін әлеуметтік төлем мерзімін қайта қарап, оны төрт айға дейін белгілеуді ұсынып отырмыз. Бұл – жүйенің тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін қажет қадам. Бүгінде елімізде 185 мыңнан астам адам осы төлемді алып отырса, соның басым бөлігі, яғни 115 мыңнан астамы көмекті 6 ай бойы алып отыр. Реформаның басты мақсаты – жәрдемақыға ғана иек артпай, қысқа мерзім ішінде қайта жұмысқа тұруына жағдай жасау

Мамандар алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады. Өзгеріс тек қулыққа басатындарға тосқауыл болады, ал жұмысына адал азаматтардың құқығы толық сақталады. Қазіргі таңда құжат мемлекеттік орган тарапынан мақұлданып қойған. Ашық талқылау мерзімі 20 сәуірде аяқталған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал