Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы әлем жаңа технологиялық трансформация кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі өзгерістердің жылдамдығы мен ауқымы бұрынғы индустриялық революциялармен салыстыруға келмейді. Қазір физикалық орта мен цифрлық кеңістік арасындағы шекара біртіндеп жойылып барады. Президент Үкіметке цифрлық экономиканың елдің ішкі жалпы өніміне әсерін бағалау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа технологиялық кезеңге көшу үшін жағдайға объективті баға беру маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмай, жасанды интеллектіні тиімді дамыту мүмкін емес. Президент әлемдік зертханалардың деректеріне сүйене отырып, дамыған және дамушы елдер арасындағы алшақтықтың ұлғайып бара жатқанын да атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Жасанды интеллект – жаһандық экономиканың басты арқауы, ал үлкен деректер қоры аса маңызды ресурс санала бастады. Сондықтан Қазақстан жасанды интеллектіні аса маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Алдымызға Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойдық. Тиісті институционалдық алғышарттар мен базалық инфрақұрылым қалыптасты. Енді жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына енгізуіміз қажет. Бұл ретте «технологиялық сақтық шараларын» басшылыққа алып, ұлттық мүддені де ұмытпаған жөн
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.