Халықаралық би фестивалінде «Салтанат» ансамблі мен Қаракөз Мұрат жүлделі орын алды

Үш мың жылдық тарихы бар «Лазги» биі мен қазақтың ұлттық өнері бір сахнада тоғысты. Әлемнің 30 елінен келген 300 бишінің арасынан отандастарымыз суырылып, алға шықты. Атыраулық жас биші Қаракөз Мұраттың жеңіс жолы және ЮНЕСКО тізіміндегі бидің құпиясы неде?
Би фестивальіне әлемнің 30 мемлекетінен 300-ден астам кәсіби бишілер мен өнер топтары келген. Олардың арасында қазақстандықтар да бар. «Салтанат» би ансамблі мен Атыраудан келген жас биші қыз Қаракөз Мұрат еліміздің атынан өнер көрсетіп, Отанымыздың даңқын асқақтатты. Олар сан мыңдаған көрерменге қазақтың ұлттық биін тарту етті. Сондай ақ әйгілі «Лазги» биін орындады.

ҚАРАКӨЗ МҰРАТ, ФЕСТИВАЛЬ ЖҮЛДЕГЕРІ /АТЫРАУ/:
— Мұндай үлкен шараға тұңғыш рет қатысып отырмын. Би өнерімен 5 жасымнан айналысамын. Осы сайысқа бір жыл бойы дайындалдым. Жүлделі орын алғаныма өте қуаныштымын. Мені осындай деңгейге жеткізген ұстаздарыма, маған жанкүйер болған жандарға алғысым шексіз.

Хорезм лазгиінің үш мың жылдық тарихы бар. Бұл би түрі ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Фестиваль аясында «Әлемдік мәдени дамудағы би өнері: дәстүрлер мен құндылықтар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Өнертанушылар мен хореография мамандары дәстүрлі музыка және би бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.

Этно-мәдени мұраны сақтау мен дамытуды мақсат еткен өнер мерекесі Орталық Азия елдерінің мәдени ынтымақтастығын арттыруға бағытталған. Тарихшылар, этнографтар мен ғалымдар да бұл істен шет қалмады. Халықаралық фестиваль түрлі ұлт өкілдері арасындағы достықты одан әрі нығайта түсті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал