Астанада көпқабатты үй ауласында болған қайғылы оқиға тұрғындарды алаңдатып отыр. Бір жарым жастағы бүлдіршін көлік астына түсіп, оқиға орнында көз жұмды. Қазір іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
ДИАНА ОРЫНТАЙ, ТІЛШІ:
– 3 мамыр дәл осы алаңда 1 жасар 8 ай баланы көлік қағып кетті. Өкінішке қарай, бүлдіршін бірден оқиға орнында жан тапсырды. Жантүршігерлік жағдай бейнебақылау камерасына түскен. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Тұрғындар алаңдаулы: «Көше бойында тұрақ ақылы, ал бұл аула ашық болғандықтан сырттан келіп-кететін көлік те көп, сол себепті ауланы жауып тастау керек», — дейді.
РАЯ ҚАЛИАҚПАРОВА, ТҰРҒЫН:
– Осындай қайғылы оқиға қайталанбас үшін ауланы жабу керек. Аулада көлік қоймау керек. Себебі кішкентай балалар оларға ие бола алмайсың, оқыстан жүгіріп шыға келеді.
Ауладағы көлік тұрақтарына қатысты мәселе шешілмей тұр. Жақында тұрғын үйде болған өрт оқиғасында да үй айналасындағы тұрақтарды реттеу үлкен дауға айналған еді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те мәселені қалалық деңгейде қайта қарап, қауіпсіздікті күшейту керектігін айтады.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Автокөлік жүретін жер болмаса, ауланың ішінде жүруді шектеуіміз керек. Аудандық, қалалық маслихаттық деңгейде шара қабылдаған жөн. Мысалы, мен кейбір үйлерді білемін: жедел жәрдемді, өрт сөндірушілерді, полицияны немесе көшіп келген адамды кіргізеді, бақылайды. Ал басқа адамдарды кіргізбейді. Сондай шектеулердің болғаны дұрыс.
Ал полиция департаментінің өкілдері аулада болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар көлік жүргізушілері мен ата-аналарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұрайды.
ЭЛЬМИРА ШӘУЛЕНОВА, ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
– Полиция жүргізушілерге аулалар мен оған іргелес орналасқан аумақтарда қозғалыс кезінде аса мұқият болуды және жолға балалардың кенеттен жүгіріп шығуы мүмкін екенін ескертеді. Сондай-ақ ата-аналардан қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін кәмелетке толмаған балаларды жол маңында және аулаларда қараусыз қалдырмау қажеттігін сұраймыз.
Қауіпсіздік – бәріне ортақ жауапкершілік. Мамандар да, тұрғындар да осындай қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.