СҚО-да құтқарушылар дала өртінің алдын алу үшін дрондарды қолдана бастады

Солтүстік Қазақстандық құтқарушылар дала өртінің алдын алу үшін дрондарды қолдана бастады. Жасанды интеллектімен жабдықталған құрылғылар жағдайды әуеден бақылап, тілсіз жау ошағын бірден анықтай алады. Биыл, өңірде күн ерте жылынғандықтан, қауіпті кезең басталды.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары үшін қауырт кезең басталды. Дала өртінің алдын алу мақсатында күн сайын рейд ұйымдастырып, мониторинг жүргізеді. Қауіпті деген аумақтар әуеден бақыланады.

Жасанды интеллектімен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмысты жеңілдетті. Инфрақызыл камера айналаны түнде де анық көрсетіп, қызыл жалынды автоматты түрде анықтай алады. Түтін байқалған жағдайда бірден орталыққа хабар береді. Әрі жанып жатқан жердің аумағын дәл есептейді.

Қазір мамандар қала іргесіндегі саяжайларда бақылауды күшейтті. Себебі мұнда бейберекет от жағатындар көп.

Осы айдың басынан бері бері өңірде 10-ға жуық орман өрті болды. Құрғақ шөп пен қамыс 200 рет өртенген.

АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Облыста шамамен 400-ге жуық адамнан құралған 60 мобильді топ жасақталды. Оның құрамында құтқарушылар, тәртіп сақшылары, орман шаруашылығының мамандары және жергілікті атқарушы орган өкілдері бар. Олар күнде рейд ұйымдастырады. Бүгінге дейін 111 адам жауапқа тартылды. Ал ереже бұзғандарға салынған айыппұл көлемі 1 миллион теңгеден асады.

Бүгінде өңір құтқарушыларының қолында ақылды жүйемен қамтылған 20 дрон бар. Бұл қондырғылар тасқын кезінде де мамандардың сенімді серігіне айналған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал