Ұлттық Қорғаныс университетінің сарбаздары ЖИ-ға негізделген жобаларды жүзеге асырып жатыр

Соңғы кездері еліміздің Қарулы күштері цифрлық технологияларды дамытуға басымдық беріп отыр. Астанадағы Ұлттық Қорғаныс университетінің жас ғалымдары ақылды технологияларды барынша енгізуде. Мұндағы ұлттық зерттеу орталығының әскери-ғылыми бөлімше сарбаздары байланыс және навигация жүйелері мен арнайы дрондарды іске қосып жатыр.

Альмұхамед Амитов – IT саласында өз ізін қалдырып үлгерген жас стартапер. Еліміздің беделді компанияларында табысты еңбек етіп, жасанды интеллектіге негізделген түрлі жобаны жүзеге асырды. Алайда жас ғалым мансабын уақытша тоқтатып, былтыр өз еркімен әскерге кеткен.

Қазір Альмұхамед білімін қорғаныс саласында табысты қолданып жүр. Ол Ұлттық қорғаныс университеті жанындағы әскери-ғылыми бөлімшесінде «Сақ» жедел ақпараттық жүйесін әзірледі. Бағдарлама небәрі үш айда жасалып, алғашқы сынақтан сәтті өткен.

Ұлттық Қорғаныс университетінің Әскери-ғылыми бөлімшесінде бүгінде 10 сарбаз мерзімдік әскери қызметін өтеп жүр. Олардың төртеуі — Альмұхамед тәрізді IT саласының маманы, ал бесеуі инженерия бағытында білім алуда. Жас мамандар Қарулы күштердегі цифрландыру үдерісін ілгерілетіп, елдің әскери-технологиялық әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді.

ӨМІРБЕК ОРДАБЕК, ҰҚУ ӘСКЕРИ ҒЫЛЫМИ ВЗВОДЫНЫҢ КОМАНДИРІ:
– Қазіргі таңда сарбаздар ЖИ саласына назар аударып, әскери қызметтегі шешімдерді жетілдірумен айналысып жүр. Мұнда IT, инженерия және киберқауіпсіздік салаларында мамандандырылған сарбаздар әскери қызметін өтейді. Қызмет барысында сарбаздарға ғылыми жетекші тағайындалып, олар бірлесіп әскери ғылыми жобалар әзірлейді.

Бүгінде қорғаныс саласында мониторинг, байланыс және навигация жүйелері қарқынды дамып жатыр. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану аясы да кеңейіп келеді. Жалпы, әскери-ғылыми бөлімше түлектерінің біразы әскерден кейін де осы салада қызметін жалғастырған. Ал Альмұхамед Амитов алдағы уақытта да ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуды көздейді. Оның мақсаты – түрлі бизнес-процестер мен әскери саланы цифрландыруға үлес қосу. Жас маман Қазақстанның жаһандық технологиялық кеңістікте көшбасшы елдердің қатарына қосылғанын қалайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал