Түркістан облысындағы 230-дан астам елді мекен «Жетінші арнаны» көру мүмкіндігіне ие болды

«Жетінші арнаның» хабар тарату аумағы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Айталық, Түркістан облысындағы 230-дан астам елді мекеннің 700 мыңға жуық тұрғыны арнаны көру мүмкіндігіне ие болды.

Қазығұрт ауданының Сынтас ауылында тұратын 101 жастағы Тахира әжей ұзақ ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, бүгінде немере-шөберелерінің ортасында берекелі ғұмыр кешіп отыр. Үйдегі теледидарда көбіне «Жетінші арна» қосулы. Кейуана арнаның танымдық және ойын-сауық бағытындағы хабарларын қалт жібермей қарап, уақытын мазмұнды өткізуді әдетке айналдырған. Ал кешкілік сәттерде 7 жастағы шөбересімен бірге түрік сериалдарын қызыға тамашалап, ортақ әсермен бөліседі.

ТАХИРА ҚҰРБАНОВА, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
– «Жетінші арнаны» көремін. Бала-шаға қой десе де қоймаймын, соны көріп отырамын. Міне, жасым 100-ге келді.

АЙЗЕРЕ СМАИЛ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
– Мен демалыс күндері таңертең түрлі мультфильм көремін. Ал сабақ кезінде қолым бос болмайды, сабаққа кетіп қаламын. Маған мультфильмдер көрген ұнайды. Теледидар қатып қалмайды, мүлдем тоқтамайды.

Отбасы мүшелері күнделікті тірлігінен босаған соң, кешкі уақытта бір ортаға жиналып, жаңалықтар легін бірге көруді әдетке айналдырған. Олар еліміз бен әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларды назардан тыс қалдырмайды. Қазір хабар тарататын арна да, әлеуметтік желі де жеткілікті болғанымен, «Жетінші арна» сенімді дереккөз екенін айтады. Осылайша, арна ауыл көрерменінің көңілінен шығып, отбасылық форматтағы сүйікті телеарнаға айналып отыр. Мұндағы жұрт телеарна көкжиегінің кеңейіп, ақпаратқа қолжетімділіктің артқанына дән риза.

Облыста «Жетінші арнаның» қамту аймағы кеңейіп, бүгінде 230-дан астам елді мекенде 700 мыңға жуық тұрғын арнаның хабарларын тұрақты көреді. Ақпараттық және танымдық контентке деген қызығушылықтың артуы өңірде телехабар тарату сапасын одан әрі жақсартуға серпін беріп отыр. «Жетінші арна» – ақпаратты уақытында жеткізетін, көрерменмен байланысын үзбейтін ашық медиа алаң.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал