Саяжай маусымы басталысымен солтүстікқазақстандық бағбандардан маза қашты. Жүзден астам азамат әлі күнге дейін көкөніс еге алмай отыр. Себебі былтыр күзде дамба тұрғызған құрылысшылар құбырға зақым келтірген. Салдарынан шаруалар сусыз қалды. Мұнымен қоса қорғаныс бөгетін салу кезінде саяжайда 20-ға жуық үй сүрілген. Алайда мердігер ұйым айналаны күл-қоқыстан тазартуға асығар емес. «Сондықтан мұнда келіп-кетудің өзі мұң», — дейді қараша халық. Жеміс-жидек өсіріп күнелтіп отырған жандар сумен қамту кәсіпорнына, әкімдікке де барған. Дегенмен күрмеулі мәселенің нақты қашан шешілетінін ешкім дөп басып айта алмай отыр. Саяжай Петропавл іргесінде орналасқан. Осы маңдағы бірнеше ауылды тасқыннан қорғау үшін жергілікті билік дамба соқты. Алайда абаттандыру жұмысы әлі басталмаған.
Гүлсім Төренова, қала тұрғыны:
— Балаларымызға көмек, кішкене жеміс жинап алсақ. Осындағылардың көбі мен сияқты кәрі кісі жерді тастай алмай жүрміз. Жылда алып отырған суымызды биыл ала алмай қалдық. Сусыз вообще түк өспейді, жауын болғанымен өте аз. Аз жауады.
Азат Ыбыраев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
— Мердігер су тартып береді. Қазір құбырды жер астымен немесе дамбаның үстімен жүргізу мәселесі қарастырылуда. Жалпы дамбаның құрылысы аяқталды. Енді айнала абаттандырылады. Сол кезде үйілген қалдық сыртқа шығарылып, бәрі қайта қалпына келтіріледі. Бірақ бұл жұмыстың нақты қай айда басталатыны белгісіз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.