Жүргізуші куәлігін алу талаптары күшейеді

Жүргізушілерді даярлайтын кәсіпкерлік салаға бақылау күшеймек. Бүгін Мәжілісте тиісті заң жобасы қаралды. Жол жүру куәлігін алу енді қиындай түсе ме? Автомектепке қандай талаптар қойылмақ?
Елімізде бүгінде 727 авто-мектеп бар. Алайда олардың қызметіне арнайы рұқсат талап етілмейді, яғни мемлекеттік бақылау жеткіліксіз. Соның салдарынан көп жағдайда оқу курсы формалды түрде өтіп, жүйелі білім берілмей жатыр. Бұл өз кезегінде жол апатының азаймауына әсер етуде. Осы мәселеге байланысты Мәжілісте тиісті заң жобасы қаралды. Жаңа тәртіп бойынша енді мұндай оқу ұйымдары арнайы рұқсат алу тәртібі арқылы жұмыс істейді.

Санжар Әділов, Ішкі істер министрінің орынбасары:
— Автомектептер ашу үшін қойылатын талаптар, оқу кабинеттері, автодром және оқытушылары жүргізуші шеберлігі болуы керек.
Заң жобасындағы маңызды норманың бірі – жүргізушілердің медициналық деректерін Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелерімен біріктіру . Ресми мәліметке сәйкес, елімізде 22 600 адамның көлік басқаруына медициналық қарсы көрсетілім бар. Оның ішінде 5 500 адамның ғана жүргізуші куәлігі сот шешімімен тоқтатылған.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
— Бұл рәсімге айлар, тіпті жылдар кетуі мүмкін.Бұл ретте азаматтардың нақты диагноздары берілмейді, тек денсаулық жағдайына байланысты «көлік жүргізуге болмайды» деген ақпарат қана ұсынылады. Жалпы алғанда, заң жобасы жүргізушілерді даярлаудың неғұрлым тиімді, ашық және басқарылатын жүйесін қалыптастырып, елдегі жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, былтыр Абай облысында эпилепсия диагнозы бар жүргізуші балаларды қағып, қайғылы жағдай орын алған. Жаңа заңға сәйкес, енді денсаулығына байланысты көлік жүргізуге болмайтын азаматтардың куәлігі автоматты түрде уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Екатерина Смышляева, Мәжіліс депутаты:
– Рұқсат алған авто-мектептердің бірыңғай мемлекеттік тізімі жасақталады. Бұл олардың қызметін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Тізімді Ішкі істер министрлігі жүргізеді.

Инара Барсақбаева, тілші:
— Заң жобасына енгізілген өзгерістер ең алдымен жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Былтыр елімізде 36 мың жол-апаты тіркелген. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш екі есеге өскен. Сарапшылардың пікірінше, автомектептердегі оқыту сапасын көтеру арқылы жолдағы қайғылы жағдайларды азайтуға болады. Құжат Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Енді екінші оқылымда қаралады. Егер заң қабылданса, жүргізуші куәлігін алу талаптары күшейе түспек.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал