Қасым-Жомарт Тоқаев офицерлер мен сарбаздарды Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтады. Ақордада өткен мемлекеттік награда мен әскери атақты тапсыру рәсімінде Президент ел армиясының қуатына толық сенім артуға болатынын атап өтті. Қазақстан – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында БҰҰ-ның дербес бітімгершілік миссияларын орындауға мандат алған жалғыз мемлекет. Мұндай мәртебе Қазақстан Қарулы Күштерінің халықаралық аренадағы беделінің жоғары екенін айқын көрсетеді. Бүгінгі таңда елімізде ұлттық армияның әлеуетін нығайту бағытында барлық қажетті шара қабылдануда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Сайыпқыран сарбаздарымыз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Күштік құрылымдар заң үстемдігін, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Құтқарушылар қатерден қаймықпай азаматтардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Жауынгерлеріміз күрделі міндеттерді табысты орындап, халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне де зор үлес қосуда. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын дербес орындау мәртебесіне ие болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішіндегі жалғыз мемлекет. Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін көрсетеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.